×

Марат Әйтеновтің бұрынғы әйеліне ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды

Әйел бұрынғы күйеуіне қарата былапыт сөздер айтқан

 Халық үні 26.07.2024 | 15:23
Фото: Halyq Uni

«Самұрық Қазына» ҰӘҚ экс-топменеджері Марат Әйтеновтің бұрынғы әйеліне ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты отбасы-тұрмыстық қатынастар бойынша құқық бұзушы Дана Әтешоваға қатысты әкімшілік материал қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, Дана Әтешова отбасылық жанжал барысында бұрынғы күйеуі Марат Әйтеновке қатысты былапыт сөздер айтқан.

Сотта әйел өз кінәсін мойындамады. Ол бұрынғы жұбайын былапыт сөздермен қорламағанын, тек былапыт сөздер түріндегі етістікті қолданғанын түсіндірді. Сонымен бірге бұрынғы күйеуінің үйде заңсыз болып, оны арандатқанын жеткізді, - делінген іс материалдарында.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы ескерту жасау не 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеледі.

Әйелдің жас балалары бар және ол қамаққа алу қолданылмайтын адамдар санатына жатады, - делінген ақпаратта.

Осылайша Дана Әтешоваға жас балаларының болуы және құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды.

Сот әйелді кінәлі деп танып, ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Марат Әйтенов «Астана» халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары,  «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарған. Сондай-ақ «Астана-қаржы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болған. Ол – Шымкенттің бұрынғы әкім Мұрат Әйтеновтің ағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама