Ғылымды дамыту мақсатында 27 шетелдік оқу орны Қазақстанға шақырылып жатыр
Басты мақсат – Қазақстанды академиялық хабқа айналдыру
Еліміздің ғылыми әлеуетін көтеруде Ғылым және жоғары білім министрлігі үлкен үш мақсатты көздеп отыр. Бұл қатарда Қазақстанды академиялық хабқа айналдыру, өңірлік университеттер деңгейін халықаралық зерттеуші университеттерге дейін көтеру және өңірлердегі адами капиталды дамыту бар. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Halyq Uni сауалына берген жауабында.
Соған байланысты шетелдік бірнеше беделді университетті Қазақстанға шақыру жұмыстары басталды. Қазақстанды альтернативті академиялық хаб ретінде көрсету бағытында Орта Азиядағы үлкен нарыққа қызығып, екі жыл ішінде 27 беделді шетелдік университет Қазақстанға келуге шешім қабылдаған.
Екінші мақсат, министрдің сөзінше, одан да маңызды. Әрбір өңірлік ЖОО-ға шетелдік мықты серіктестер табылған. Олардың алдына мынадай мақсат қойылып отыр:
Министрлік шетелдік ЖОО-лардың орналасуы үшін бүкіл инфрақұрылымдық және басқа да мәселелерін шешіп беріп отырады. Тек бір шарт бар – жергілікті қазақстандық университетті халықаралық зерттеуші университетке айналдыруға көмектесу.
Қазір HERIOT WATT Ақтөбедегі Жұбанов университетімен келісіп жатыр. Ол Шотландия, Эдинбургтегі ең көне техникалық оқу орны. Жұбанов университетінен кітапханашы, кадр бөлімі сынды 16 өкіліміз арнайы трансформациялық команда болып барып, Эдинбургте оқып жатыр. Солардың бәрі кейін қайтып келіп, сол Ақтөбедегі университетте трансформация бастайды. Сол секілді, Петропавлдағы Қозыбаев университетінен 10 адам Аризона университетінде оқып жүр, - дейді Саясат Нұрбек.
Оның сөзінше, үшінші мақсат – енді мықты университеттерді өңірлерге жіберу. Өйткені тарихи тұрғыдан қараса, ең мықты университеттер Алматы мен Астанада шоғырланған. Өңірден шығатын талапкерлер де Алматы мен Астанаға ағылады.
Соған байланысты, қазір кореялық DONG-EUI университеті Қостанайға, тұңғыш Лу Бань шеберханасы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне, Губкин университеті Атыраудағы мұнай-газ университетіне, Ақтаудағы Германияның 8 мықты университетінің концорциумы Есенов университетіне келіп жатыр. Қызылордадағы Қорқыт Ата университетінде SEOUL TECH үлкен мықты жасанды интеллект мектебі ашылып жатыр. Таразда үлкен ұлттық Су шаруашылығы университеті ашылып, оған қоса, Ресей химия-технология университеті бұл жерде химиялық комбинат сала бастаған. Түркияның ең көне GAZI педагогикалық университеті Шымкенттегі педагогикалық университетпен әріптестік орнатқан.