Ол ғимарат Нархоз университеті студенттеріне бұйырады
Еліміздегі студенттерге арналған ең үлкен жатақхана биыл тамызда қолданысқа беріледі. Ол Петропавл қаласында орналасқан Аризона университеті филиалына тапсырылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналистерге берген брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрдің айтуынша, бұл үлкен жатақхана екі бөліктен тұрады. Бірі 1 500 орындық студенттер тұрағы болса, екіншісі 305 орындық ғимарат АҚШ-тан келетін оқытушыларға арналады.
Тағы бір жатақхана – «Нархоз университеті» 16 млн доллар қаражатын құйып, student residence форматында салдырып жатқан ғимарат. Жаңа үлгідегі, Ritz-Carlton форматымен салынып жатқан аса жоғары комфорт санатындағы құрылыс нысаны 424 орынға арналған.
Одан бөлек, министрдің сөзінше, Астана қаласы әкімдігі Еуразия ұлттық университетіне «Нұрлы жол» теміржол бекетінің артындағы аумақты беріп, қазір онда құрылысқа дайындық шаралары жүріп жатыр. Өйткені ЕНУ жатақханаларына студенттер сыймай жатыр, қазіргі контингенті 24 мыңға жуықтайды. Соның кемі жартысын жаңа орынға көшіру сөзделіп отыр.
Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де үлкен құрылыстың басында тұр. Биыл қарашада жаңадан 3 жатақхана мен 2 оқу корпусы пайдалануға тапсырылады. Қазір 10 гектар жерде құрылыс басталып кетті, - деді министр Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар Қонаев қаласында 10 гектар жер бөлініп, онда академиялық қалашық салу жоспарланған. Ол әрі қаланың Бас жоспарына егізілген. Бірақ ол да ұзақмерзімді жоба. Ондағы мақсат, университеттерді ақырындап Алматыдан қаланың сыртына шығару.
Жатақхана елімізде үлкен мәселе. Ол соңғы 50 жыл ішінде қордаланып қалған инфрақұрылымдық тапшылығы. Кеңес Одағы кезінен бері жатақхана көп салынбаған. Бірақ жыл сайын салынып келеді. Министрлік құрылғалы бері жылына 10 мың студентке орын беріліп жатыр. Қазір субсидиялық нормативтер өзгертілген. Соның арқасында тығырықтан шығу үшін жекеменшік секторды тарта бастадық, - деді министр.