Белгілі стендап-комик Александр Меркуль 10 тәулікке қамалды
Ол әлеуметтік желілерде балағат сөзі бар бейнежазба жариялаған
Белгілі стендап-комик Александр Меркуль әлеуметтік желіде балағат сөз қолданып, бейнежазба жариялағаны үшін 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сот материалына қарағанда, ол 7 маусымда Instagram мен Youtube-та қоғамдық орында көрсеткен өнерінен бейнежазба жариялаған. Онда балағат сөз сөйлеп, сол әрекетімен басқаларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Сот отырысында әзілкеш құқықбұзушылық жасаған кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан. Ал 7 маусымдағы балағат сөз ретінде айтылған есімдер мен лақап аттар туралы бейнежазба «Реберная» мейрамханасында өткен әзіл-сықақ кешінен түсірілгенін түсіндірген. Командасындағы жігіттер жалпы қойылымның осы бөлігін қиып алып, әлеуметтік желілерге жариялаған.
Сол сияқты, 2023 жылдың қыркүйегінің басында да жаңа Қазақстан туралы бейнежазба жарияланғаны анықталды. Ол жерде де балағат сөздер қолданған. Бірақ ол бейнежазбаны сақтау қажет деп таппағандықтан командасы биыл маусымда Instagram-нан өшіріп тастаған.
Сот отырысы қорытындысы бойынша әзілкеш ақыры жаза арқалауға мәжбүр болды. Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен Александр Меркуль әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.