Түркістанда оқыған студенттер Кореяда визасыз жұмыс істей алады
Жергілікті университеттермен әріптестік орнатудан бөлек, елімізде тағы 5 шетелдік ЖОО кампусы болады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн брифингте шетелдік ЖОО-лар кампусы туралы айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрдің сөзінше, солардың бірі DE MONFROY университеті Алматыда үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді.
Британиялық Coventry университетінің кампусына Астанада 8 гектар жер бөлінді. Олар тағы 50 млн доллар инвестиция құяды. Ресми оқу барысы 16 қыркүйекте басталады, гранттар беріледі. Жоспар бойынша кампус құрылысы 2026 жылы тапсырылады, - дейді министр.
Үшінші үлкен кампус Астанада болады. Елордалықтар үшін өте керемет, сүйінші жаңалық – Cardiff University. Ол ТОП-200 оқу орнына кіреді. Оларға жалпы көлемі 14 гектарды қамтитын екі орын ұсынылып отыр. Бірі – «Жағалау» шағын ауданы жақ немесе ипподромның артындағы үлкен жер. Олар келесі жылы педагогика, қаржы, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, экология, экономика және инжиниринг мектептерімен оқу процесін бастамақ. Биыл құрылысы басталады.
Төртінші кампус – Түркістан қаласында орналасатын кореялық WOOSONG жекеменшік университеті. Оларға көне шаһарда 1,2 гектар жер беріліп отыр. Онда киберқауіпсіздік, компьютерлік инженерия және data scienсe салалары оқытылмақ. Ал ол универді тәмамдаған студенттер Кореяда визасыз жұмыс істей алады.
Министрдің сөзінше, ең мықтысы – бесінші кампус, KAIST Корея ұлттық зерттеу университеті.
Жақында Корея президенті келгенде солармен келісіп, қол қойдық. Астананың жанында Алатау ауылындағы ядролық физика институты бар, соның жанында құрылады. Ол – инженерлік-техникалық бағытта зерттеуші университет. Сондықтан сол жақта орналастыруды жөн көрдік, - дейді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, бұл ЖОО әлемнің тарихы 50 жылға жетпеген жас университеттерінің үздік үштігіне кіреді.