Halyq Uni логотип
×

Қызылорда облысында жерді қазған кәсіпкер 1,3 млн теңге айыппұл арқалады

Бұған қоса ол бүлінген жерлерді қалпына келтірді

 Қымбат Елтайқызы 25.07.2024 | 15:48
Қызылорда облысында жерді қазған кәсіпкер 1,3 млн теңге айыппұл арқалады
фото: Жер ресурстарын басқару комитеті

Қызылорда облысында құнарлы топырақты заңсыз сыдырып алғаны үшін Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен бір миллион теңгеден астам қаржы өндірілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті ЖШС-тің қызметінде жер заңдылықтарының сақталуына мемлекеттік бақылау жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында ЖШС-тің аумақты қоршау мақсатында үш шақырым жерде траншея қазып, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы көлемі 0,45 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді бүлдіру арқылы заңбұзушылыққа жол бергені анықталды. 

Нәтижесінде, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 337-бабымен ЖШС-ке 1 292 200 теңге айыппұл салынып, бұл қаржы мемлекет кірісіне өндірілді, – деп мәлімдеді Жер ресурстарын басқару комитеті.

Сонымен қатар Жер кодексінің 148-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес, Департамент ЖШС-ке «Қазақстан жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы» орындалуға міндетті нұсқама берді. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы мақсатындағы бүлінген жерлер қалпына келтіріліп, заңбұзушылық жойылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама