×

Рыбакинаның Париж олимпиадасындағы қарсыласы белгілі болды

Юлия Путинцева алғашқы кезеңде украиналық Марта Костюкпен кездеседі

 Халық үні 25.07.2024 | 16:26
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның Олимпиададағы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Париж Олимпиадасында теннистен жекелей сынның жеребе тарту рәсімі өтіп жатыр.

Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Париждегі доданың 3-нөмірлі теннисшісі ретінде тіркелді.

Ол алғашқы матчта Жаклин Кристианмен (Румыния) кездеседі. Румын атлеті әлем рейтингінде 61-орында тұр. Елена мен Жаклин осыған дейін алаңда 2 рет кездескен. Әзірге таразы басы тең (1-1).

Рыбакинаның 2-кезеңдегі қарсыласы Наоми Осака (Жапония) немесе Анжелика Кербер (Германия) болмақ.

Әлемнің 30-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы кезеңде украиналық Марта Костюкпен кездеседі. Бұл екі теннисші арасындағы алғашқы матч болады.

Сондай-ақ аралас жұптық сында Елена Рыбакина мен Александр Бублик өнер көрсетеді. Олимпиаданың бірінші айналымында олар америкалық Коко Гауфф және Тейлор Фрицпен кездеседі. Барлығы миксте медаль үшін 16 жұп таласады. Ал жарыс 29 шілдеде басталады.

Айта кетейік, Токио Олимпиадасында Рыбакина жекелей сында қола медаль үшін ойында жеңіліп, 4-орын алған.

Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Лондонда өткен Ұлыбритания Ашық Чемпионатында (Уимблдон) финалға шыға алмады. Ол жартылай финалда Чехия спортшысы Барбора Крейчиковаға қарсы ойнады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама