Сыйлық 15 аталым бойынша тағайындалады
Мәдениет және ақпарат министрлігі «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығына конкурс жарияланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Конкурс волонтерлік қозғалысты дамыту мен қолдауға, сондай-ақ әлеуметке және қоғамға пайдалы міндеттерді шешуге елеулі үлес қосқан отандық және халықаралық волонтерлер мен волонтерлік топтарды, волонтерлік ұйымдарды ынталандыруға бағытталған, деп толықтырды ведомство.
Сыйлық адамдарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, білім беру мен мәдениетті дамыту, төтенше жағдайлардың дер кезінде шешімін табу және қоғамдық өмірдің басқа салаларында да жүйелі қызмет атқарған волонтерлер қауымдастығының ең белсенді өкілдерін анықтауға арналған. Сыйлық 15 номинация бойынша тағайындалады, – деді министрлік.
Құжаттар 2024 жылғы 25 шілде мен 5 қыркүйек аралығында Qazvolunteer.kz сайтында қабылданады.
«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын тағайындау қағидаларымен әрі қажетті құжаттар тізімімен Qazvolunteer.kz немесе adilet.kz сайттарынан танысуға болады.