Halyq Uni логотип
×

Стоматология клиникалары азаматтарға зейнетақы қорынан ақша шығаруға көмектескен

Отбасы банк күдікті схемаларды анықтап, құқық қорғау органдарына жүгінді

 Айгерім Таубай 25.07.2024 | 12:35
Стоматология клиникалары азаматтарға зейнетақы қорынан ақша шығаруға көмектескен
Фото: dentist-plus.com

Отбасы банк емделуге бір реттік зейнетақы төлемін пайдалану ережелеріне енетін өзгерістерге қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетейік, зейнетақы қорынан тіс емдетуге берілетін бір реттік төлемге уақытша тыйым салынуы мүмкін екені айтылды. Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатыр.

Соған сәйкес, 10 тамыздан бастап 2025 жылдың 1 ақпанына дейін медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер, оның ішінде тісті протездеу және имплантациялау қызметіне зейнетақы қорындағы жинақты пайдалану тоқтатылады.

Отбасы банкінің хабарлауынша, 23 шілдедегі жағдайы бойынша банк арқылы емделуге 435,1 млрд теңге бір реттік зейнетақы төлемі пайдаланылған. Бұл соманың шамамен 98%-ы стоматологиялық қызметтерге тиесілі. Оның ішінде тіс протездеу және имплантация бар.

Алайда халықтың емделуге жұмсаған бір реттік зейнетақы төлемдерін тексеру кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану әрекеті анықталды. Банк бірқатар күдікті схема белгілерін анықтады, олар бойынша ішкі тексерулер жүргізілді. Банк істің қолда бар материалдары негізінде күдіктілерді анықтау және оларды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінді, - делінген банк таратқан ақпаратта.

Осылайша, көрсетілген қызметтерге ақы төлеу түрінде кейбір стоматология клиникасы азаматтарға қолма-қол ақша алуға көмектескен.

Мысалы, бірқатар стоматология клиникасы күніне 70-тен астам клиентті қабылдаған. Ал бұл медицина мекемесінің пациенттердің мұндай көлемін қабылдап, оларға тиісті қызмет көрсетуге жағдайы болмаған.

Сараптау барысында клиникалардың қызмет көрсету заңдылығына күмән келтіретін фактілер анықталған:

  • клиниканың мекенжайы клиенттердің тұратын жеріне және медициналық тіркеуіне сәйкес келмеді;
  • клинеттер стоматологиялық қызметтерді расымен алғанын растамаған;
  • бірқатар клиент зейнетақы төлемдерін делдалдар арқылы және ақшалай сыйақы төлеп алғандарын айтқан. Олар қажетті медициналық құжаттарды одан әрі дайындау үшін делдалдарға өз еркімен ЭЦҚ берген.

21 жастағы қазақстандыққа «толық адентия», яғни тістердің толық болмауы диагнозы қойылғаны анықталды. Сонымен қатар дәрігерлік комиссия қорытындысында оған емдеудің келесі түрлері ұсынылды – тістерді тазарту, брекет орнату, - делінген ақпаратта.

Бір реттік зейнетақы төлемін пайдалану кезінде заңға қарсы іс-әрекеттердің және жаппай мақсатсыз пайдалану фактілерінің болуын ескеріп, Отбасы банк мұндай фактілердің жолын қию үшін ұсыныс білдірді.

Бұл БЖЗҚ салымшыларының жеке қаражаты, оны азаматтар өздері қалауынша пайдалануға құқылы деген жансақ пікір бар. Бірақ Отбасы банк бір реттік зейнетақы төлемін пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор ретінде, заңға сәйкес, осы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті. Біз 2021-2024 жылдар аралығында БЖЗҚ қаражатына көрсетілетін қызметтер көлемі бойынша топ-25 стоматологиялық клиниканың мемлекетке салық түрінде шамамен 63 млн теңге төлегенін анықтадық. Бұл ретте БЖЗҚ қаражаты есебінен ұқсас кезеңде көрсетілген қызметтер көлемі шамамен 91 млрд теңгені құрады, яғни салық жүктемесі небәрі 0,07% болған. Біздің ойымызша, бұл стоматологиялық клиникалар тарапынан көрсетілетін қызметтердің шынайылығына күмәндануға себеп бола алады, - деп түсіндірді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылдың 10 тамызынан 2025 жылдың 1 ақпанына дейін протездеу және тіс имплантациясы бойынша стоматологиялық қызметке бөлінген қаражатты пайдалануды уақытша тоқтатуды жоспарлап отыр.

Осы уақыт ішінде банк бір реттік зейнетақы төлемінің қаражатын мақсатсыз пайдаланудың алдын алу және стоматологиялық қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі деп жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама