×

Есірткіге әуес ел жастарының ең жасы 13-те болып тұр

Одан емделушілердің тек 5 пайызы ғана сауығып шығады

 Еркеғали Болатұлы 08.06.2022 | 09:24
фото: ашық дереккөз

Қарағандылық наркологтар елімізде нашақор жасөспірімдер мен жастар көбейген деп дабыл қағып отыр. Олар соңғы 10 жылда жиілеген суицидтің себебін есірткімен байланыстырады.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, қазір Қазақстанда есірткіге тәуелділердің ең жасы 13-те екен. Бұдан 10 жыл бұрын 17 жастан басталатын. Қарағанды облыстық наркологиялық диспансерінде 9 мыңға жуық науқас тіркеуде тұр. Оның 1300-ден астамы есірткі тұтынады. Бұл тек ересектер ғана. Ал ата- аналары қаламағандықтан, мектеп оқушылары ресми есепке мүлде алынбайды.

Наркологттардың мәліметінше, жастар арасында синтетикалық есірткі экзотикаға айналған. Оның дәмін бір рет татудың әсері 1 айға жетсе, ағзаны тәуелділіктен құтқару қиын болады екен. Мамандардың айтуынша, ол адамның психикасын, жүріс- тұрысы мен санасын, интеллектісін құртады. Сондықтан емдеу нәтижесі нөлге тең.

«Синтетикалық есірткіге тәуелді адамды емдеу басқа нашақорлыққа қарағанда өте қиын. Өйткені бұл наркотик – афитоминнің туындысы мифедрон болғандықтан, ол адамның нерв системасына өте қатты әсер етеді.

Кейінгі 10 жылдықта суицидтің жоғарылауы осы синтетикалық наркотикті қолдануға да байланысты болуы мүмкін, - дейді Қарағанды облысы наркологиялық диспансерінің бөлім меңгерушісі Айгүл Дүйсембаева.

Қазақстанда бұл әлеуметтік дерттен емделушілердің тек 5 пайызы ғана сауығып шығады екен.

Мамандардың айтуынша, дерттен айығу 80 пайыз науқастың қайрат-жігеріне байланысты. Ал ол қасиетті есірткі құртып жіберсе, үміт жоқ. Оның үстіне синтетикалық есірткі қазір әлеуметтік желілерде емін-еркін жарнамаланып, сатылып жатыр. Полиция дерегінше, елімізде жылына 179 келі есірткі тәркіленеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама