Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылғаны туралы жалған ақпарат тарады

Халық үні

Өнеркәсіпті дамыту қоры жеңілдетілген автонесие бағдарламасын жүзеге асырмайды

Фото: Владислав Воднев

Әлеуметтік желіде жеңілдетілген автонесие бағдарламасының пилоттық жобасы іске қосылғаны туралы жалған ақпарат тарады. Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ хабарлады.

Өтінімдерді қабылдау басталғаны және https://autoneseie.kz//1cb/ сайтындағы жеңілдетілген несие берудің шарттары көрсетілген барлық хабарлама шындыққа жанаспайды, - деп хабарлады Өнеркәсіпті дамыту қоры.

Айта кетейік, Өнеркәсіпті дамыту қоры жеңілдетілген автонесие бағдарламасын жүзеге асырмайды. 2023 жылдың маусымында қор бағдарлама қаражаты жолаушылар автобусын лизингтік қаржыландыруға қайта бөлінетінін жариялады.

Сондай-ақ желіде тараған хабарламада көрсетілген Әлібек Ахметов есімді азамат «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-да жұмыс істемейді, телефон нөмірі мен сайт та жалған, - деп хабарлады қор.

Айта кетейік, қандай да бір қаржыландыру бағдарламасы туралы ақпарат қордың ресми сайтында жарияланады.

2023 жылдың маусымында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев еліміздегі жеңілдетілген (4%) автонесие бағдарламасының тоқтайтынын, енді қаражаттың бәрі тозған автобустарды жаңартуға жұмсалатынын айтты.

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары төмендегідей болған:

  • Көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы керек;
  • Қаржыландыру сомасы – 10 млн теңгеден артық емес;
  • Қаржыландыру мерзімі – 7 жыл;
  • Бастапқы жарна – 0%;
  • Сыйақы мөлшерлемесі – 4%.

2015 жылдан бастап Үкімет жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 82 млрд теңге бөлген. Одан кейін 2022 жылғы мамырда Өнеркәсіпті дамыту қоры бағдарламаға 100 млрд теңге аударды.