Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылғаны туралы жалған ақпарат тарады
Өнеркәсіпті дамыту қоры жеңілдетілген автонесие бағдарламасын жүзеге асырмайды
Әлеуметтік желіде жеңілдетілген автонесие бағдарламасының пилоттық жобасы іске қосылғаны туралы жалған ақпарат тарады. Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ хабарлады.
Өтінімдерді қабылдау басталғаны және https://autoneseie.kz//1cb/ сайтындағы жеңілдетілген несие берудің шарттары көрсетілген барлық хабарлама шындыққа жанаспайды, - деп хабарлады Өнеркәсіпті дамыту қоры.
Айта кетейік, Өнеркәсіпті дамыту қоры жеңілдетілген автонесие бағдарламасын жүзеге асырмайды. 2023 жылдың маусымында қор бағдарлама қаражаты жолаушылар автобусын лизингтік қаржыландыруға қайта бөлінетінін жариялады.
Сондай-ақ желіде тараған хабарламада көрсетілген Әлібек Ахметов есімді азамат «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-да жұмыс істемейді, телефон нөмірі мен сайт та жалған, - деп хабарлады қор.
Айта кетейік, қандай да бір қаржыландыру бағдарламасы туралы ақпарат қордың ресми сайтында жарияланады.
2023 жылдың маусымында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев еліміздегі жеңілдетілген (4%) автонесие бағдарламасының тоқтайтынын, енді қаражаттың бәрі тозған автобустарды жаңартуға жұмсалатынын айтты.
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары төмендегідей болған:
- Көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы керек;
- Қаржыландыру сомасы – 10 млн теңгеден артық емес;
- Қаржыландыру мерзімі – 7 жыл;
- Бастапқы жарна – 0%;
- Сыйақы мөлшерлемесі – 4%.
2015 жылдан бастап Үкімет жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 82 млрд теңге бөлген. Одан кейін 2022 жылғы мамырда Өнеркәсіпті дамыту қоры бағдарламаға 100 млрд теңге аударды.