×

Конституцияға енгізілген өзгерістер күшіне енді

Ата заңдағы 33 бапқа 56 түзету енгізу көзделген

 Дәурен Ерболат 08.06.2022 | 09:00
Фото: liter.kz

Бүгін Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ата заңға енгізілген түзетулерді сайлаушылардың 77,18%-ы қолдаған.

2022 жылғы 5 маусымда Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бүкілхалықтық дауыс беруге 7 миллион 985 мың 769 адам немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,05% қатысты. Осылайша, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес референдум өтті деп есептеледі. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі, - деген еді кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Еске салайық, Қазақстанда референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы саны – 11 миллион 734 мың 642 адам.

Айта кетейік, биыл 27 сәуірде өткен брифингте Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «Ата заңға өзгеріс енгізілсе, «Тұңғыш президент – Елбасы» конституциялық заңы күшін жоятынын» айтқан.

«Мұнда Елбасының мәртебесі, артықшылығы алынып тасталды. Тек Нұрсұлтан Назарбаевтың негізін қалаушы деген тарихи рөлі Конституцияда қалды. Конституция қабылданса, «Бірінші президент туралы конституциялық заң» күшін жояды. Бірінші президентке «Президент туралы» заңдағы «экс-президенттер туралы» норма мен Конституциядағы бап қатысты болады», - деген еді Ерлан Қошанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама