Қарағанды облысында жылқылардың жаппай ауруға ұшырағаны рас па?
АШМ осыған қатысты мәлімдеме жасады
Қарағанды облысы ауданында жануарлардың жаппай ауруы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Бұқар жырау ауданы Төрткөл ауылындағы жағдайға қатысты биылғы жылдың ақпан айынан бастап ауылдық округте жылқылардың эпизоотиялық лимфангиті бойынша карантин енгізілгенін хабарлаймыз. Карантин шеңберінде Республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың мамандары жануарлардың жайылым учаскелерінде болуын ескере отырып, жануарларға клиникалық тексеруді жүргізеді, табындарды аралау және жануарларды тексеру әрбір 5 күн сайын жүзеге асырылады», – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
2024 жылғы 14 мамырда халықпен жиын өткізу кезінде әкімдік Үміткер ауылына кіре берістегі бекетті (шлагбаумды) алып тастау туралы хаттамалық шешім қабылдады. Тұрғындармен бірге Үміткер ауылындағы жеке қосалқы шаруашылықтардың бірінде уақытша ұстау орнын құру туралы келісілген шешім қабылданды, – деп толықтырды ведомство.
2024 жылдың 16 маусымында шаруа қожалықтарының бірінің иесі осы уақытша ұстау изоляторына алдыңғы аяғы зақымданған, қажыған бір жылқыны әкелген. Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың қызметкері жануарға клиникалық тексеру жүргізді және жануарлардың аса қауіпті ауруларының белгілерін, оның ішінде эпизоотиялық лимфангит анықталған жоқ. Жануарды изоляторға орналастырғаннан кейін оны азықтандыру және суару ұйымдастырылмаған. Бұл жануардың өліміне әкеп соққан. Мал иесімен келіскеннен кейін өлген жылқының мәйіті жойылды. Оқиға орнында механикалық тазалау және дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Үй иесіне түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.
Сондай-ақ, Бұқар жырау ауданында жануарлардың жаппай ауруы туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Эпизоотиялық лимфангит маусымдық сипатта және күзгі-қысқы кезеңде байқалатынын атап өту қажет. Эпизоотиялық жағдай Қарағанды облысының ветеринарлық қызметінің ерекше бақылауында.