Қазақстанда жоғары білім алғысы келетін талапкерге пайызсыз несие беріледі

Ербол Тұрымбет

Жоба бірнеше банк және қаржы орталығымен бірге әзірленіп жатыр

фото: primeminister.kz

Елімізде жоғары білім алғысы келетіндерге пайызсыз несие беріледі. Бұл туралы жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып, отандық ғылымның дамуына септігін тигізеді, онлайн, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір министрлік талапкерлердің ЖОО-ға түсу мүмкіндігін арттырудың бірнеше жолын қарастырып жатыр.

Біріншіден, жыл соңында жаңа пайызсыз несие жобасы ресми түрде іске қосылады. Қазір ол жоба бірнеше банкпен және қаржы орталығымен бірлесіп әзірленіп, аяқталуға таяды. Заңнамалық тұрғыдан бәрі пысықталған. Мұнда АҚШ-тағы сияқты, талапкерге жоғары білім алуға пайызсыз несие беріледі.

Тағы бір жолы – биыл іске қосылған сараланған гранттар жобасы. Кейде талапкер жақсы балл алғанымен, таңдаған мамандығында конкурс жоғары болып, грант жетпей қалады. Сөйтіп, 100-115 балл алып, түспей қалады. Мұндай жағдайда біз қосымша гранттар беруге дайынбыз, – деді Саясат Нұрбек.

Министр сондай-ақ, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының да жоғары білімге деген қолжетімділікті арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Оның сөзінше, жинақты оқуға пайдалана бастағандар бар. Ал қаражаты көп емес, 300-500 доллар шамасында.

Оған қоса, жылдың соңына қарай «Келешек» бағдарламасы іске қосылмақ. ЖОО-ға түсерде талапкердің қолындағы қаражаты мен сыйлықақысы, сосын Ұлттық қордан түскен ақша – бәрі бір шотта жиналады. Ал егер грант ұтып алса, онда барлық ақшаны үй сатып алуға жұмсауға немесе сол отбасынан шыққан балаларға қалдыра алады.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі жыл сайынғы Жолдауында бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырған еді. Соған байланысты, Ғылым және жоғары білім министрлігі «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлей бастады.

Аталған жүйе аясында балаға арнайы шот ашуға болады. Оған мемлекет 60 АЕК мөлшерінде (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Осылайша, айына 1 АЕК (3 мың 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотына 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналмақ. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады.