×

Колледжге құжатты енді eGov арқылы тапсыруға болады

Колледждерге құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады

 Ербол Тұрымбет 24.07.2024 | 17:34
Фото: Halyq Uni

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына құжат қабылдау жалғасып жатыр. Енді абитуриенттер колледжге түсу үшін құжаттарын eGov порталы арқылы тапсыра алады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, құжат тапсыру кезінде порталды қолданушы оқу тілін және өңірді таңдай алады. Порталда автоматты түрде абитуриенттің білімі, бағалары мен оның сертификатының жалпы бағасы туралы ақпарат шығарылады. Сонымен қатар, жүйе азаматтардың жеңілдігі бар жекелеген санаттарының (І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, жетім балалар, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, т.б.) мәртебесі туралы қосымша ақпаратты көрсетеді.

Өтініштің мәртебесін бақылап отыру және қажет болған жағдайда оны кері қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған. Атап өту керек, бір абитуриент 4 колледжде 4 түрлі мамандықты таңдай отырып бір ғана өтініш бере алады.

Абитуриент өтінімді беру үшін eGov порталына кіріп, «Білім» бөліміндегі «Колледждер» санатын таңдауға тиіс. Мұндағы көрсетілген барлық кестені толтырып, файлды жүктейді және ЭЦҚ арқылы қол қояды, деп жазылған министрлік хабарламасында.

Атап өту керек, колледждерге құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. Бүгінде 96 мыңнан астам өтініш қабылданған. Жаңа оқу жылында тегін техникалық және кәсіби білім берумен 145 мың студент қамтылады деп жоспарланып отыр.

Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, «ҰАТ» АҚ-пен және А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ҰЗББО бірлесіп, аталған қызметті автоматтандырып, іске қосты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама