Бұл акцияны жастар ұйымдастырды
Орал қаласының белсенді жастары жалғызбасты зейнеткерлерге арналған арт-терапия өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Батыс Қазақстан облысының Жастар ресурстық орталығы жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедек жандар тұратын Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында арт-терапия ұйымдастырды, деп мәлімдеді Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Жас белсенділер психологтармен және суретшілермен бірлесе отырып, орталық тұрғындарына бейнелеу өнері бойынша шеберлік сабағын өткізді. Шығармашылық процесс жалғыздықпен күресуге көмектесіп, стресс пен мазасыздықты азайтады, – дейді мамандар.
Арт-терапияға қатысушылар туған жерлерінің пейзаждарын, түрлі аңдар мен натюрморттар салды. Айта кетейік, Жастар ресурстық орталығының өкілдері арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жиі барады. Олар әдетте орталықта концерттер және шеберлік сабақтарын өткізеді. Дәл осындай өзара байланыс жас ұрпақтың бойында жауапкершілік сезімін арттырып, жанашыр болуға тәрбиелейді.