Түркістан облысының тұрғынынан марихуана тәркіленді
Ол есірткіні мал жайып жүріп тауып алдым депті
Түркістан облысының тәртіп сақшылары жергілікті тұрғыннан марихуана тәркіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі заттарын сақтады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту кезінде сақшылар аудан тұрғынының құрылысы бітпеген тұрғын үйіне жасырылған, ішінде есірткіге ұқсас заты бар пакетті тапты, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Сараптамаға сәйкес, бұл жалпы салмағы шамамен 14 грамм марихуана болып шықты. Ер адам өз жауабында аталмыш есірткіні мал жаю кезінде тауып алып, өзі тұтыну үшін сақтағанын айтты, – деп толықтырды ведомство.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.