Бизнес өкілдері учаскелік полицейлердің әрекетіне шағымданды
«Әділдік жолы» РҚБ Ақтөбе облысы бойынша филиалына қаладағы 11-ші және 12-ші шағын ауданның кәсіпкерлері учаскелік полиция қызметкерлерінің әрекетіне шағым айтып жүгінген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Олардың айтуынша, полицейлер жергілікті кәсіпкерлерге сыртқы бақылау камераларын орнатуға, сондай-ақ дабыл сигнализациясы мен күзет қызметін қосуды талап етіп хабарламалар жіберген және ауызша түрде тікелей мәжбүрлеп отыр.
Айта кетсек, ҚР Конституциясына және басқа да нормативтік құжаттарға сәйкес, меншік иелерінің (жеке кәсіпкердің) келісімі болған кезде азаматтар көп жиналатын жерлерде бақылау камераларын орната отырып мониторинг жүргізіледі. Осыған байланысты Бірлестік заңгерлері Ақтөбе қаласының учаскелік полиция инспекторларының дабыл сигнализациясын жеке күзет ұйымына немесе ведомстволық емес ұйымға қоса отырып, сыртқы бейнебақылауды орнатуға мәжбүрлеуін заңсыз деп санайды.
Басқа облыстарда жеке кәсіпкерлердің көше бейнебақылауын орнату тәжірибесін зерделеу барысында мыналар анықталды: Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы №213 шешім қосымшасы негізінде, Алматы қаласында меншік иелерінің келісімі болған кезде азаматтар көп жиналатын орындарда бейнекамералар орнату және бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидалары талабының 17-тармағына сәйкес, коммерциялық объектілердің бейнебақылау жүйелерін қосу деректерді беру желісі операторларының байланыс арналарын пайдалана отырып, Алматы қаласының жергілікті бюджетінің қаражаты есебінен жүргізіледі деп көрсетілген. Сонда Ақтөбе облысында мұндай жағдай неге қарастырылмаған? Болмаса, әкімдік және полиция департаменті кәсіпкерлердің есебінен бейнебақылау құрылғыларын орнатуға ниетті деген қорытынды жасауға бола ма? – деп жазды РҚБ өкілдері.
Бұл ретте заңгерлер Ақтөбе облысының прокуратурасынан мұндай бұзушылықтарды болдырмау мақсатында осы мәселеге қатысты прокурорлық актіні шығара отырып, кәсіпкерлердің пайдасына қарауды сұрайды.