Париж Паралимпиадасына қатысатын қазақстандықтарға қолдау көрсетілді
Биыл еліміз Паралимпиадаға 32 жолдама жеңіп алып, спорттың 9 түрінен бақ сынайды
Астанадағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде Паралимпиада спортшыларын қолдау мақсатында «Шексіз мүмкіндіктер» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Париж-2024 Паралимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрама спортшыларына қолдау көрсету мақсатында өткен кешке параспортшылар және қала тұрғындары жиналды, деп мәлімдеді елорда әкімдігі.
Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық дарялау орталығының баспасөз хатшысы Құралай Әшімханованың сөзінше, ұлттық құрамада араға 28 жыл салып, волейболды отырып ойнаудан Паралимпиадаға жолдама жеңіп алған команда бар.
Бүгінгі кеш Паралимиада ойындарына қатысатын спортшыларымызға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Былтыр Азия чемпионатында күміс жүлде жеңіп алып, Паралимпиадаға спорттың волейболды отырып ойнау түрі бойынша жолдама алған команда қатысады. Қазақстан құрамасы 1996 жылы Атлантада өткен Паралимпиадаға қатысып, 8 орын алған еді. Содан бері 28 жыл өтіп, енді міне ұлттық құрама жолдама жеңіп алды. Ұлттық құрамада 12 адам бар. Бүгінде олар әлемдік додаға дайындалып жатыр», - дейді Құралай Әшімханова.
Биыл еліміз Паралимпиадаға 32 жолдама жеңіп алып, спорттың 9 түрінен бақ сынайды. Оның ішінде 5 елордалық спортшы бар.
Волейболды отырып ойнаудан ұлттық құраманың бас жаттықтырушы Бауыржан Тақауов та шығармашылық кешке қатысып, барлық спортшыға сәттілік тіледі.
«Біздің жігіттердің дайындығы жақсы. Биылғы жарыс біздің ел үшін өте маңызды. Әлемдік додаға параволейболдан 8 мемлекет қатысады. Барлық спортшыға сәттілік тілеймін», - деді Бауыржан Тақауов.
Кеште парабишімен домбырашылар таланттарын көпшілікке паш етті. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Qanattylar инклюзивті театр актерлерінің орындауында дактильді тілмен ән айтылды.
Айта кетейік, еліміздің отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрамасы әлемдегі үздік 6 команданың қатарында.