Қалада инклюзивті жүзу бойынша 60 ғана орын бар, 200 адам кезекте тұр
Шымкент қаласында тұратын 25 жастағы Ажар Қабланға туғаннан балалардың церебральды сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылған. Қазір Ажар қалада бочча спортымен айналысады. Бұл спортпен шұғылдануды 2020 жылы бастаған. Halyq Uni тілшісі ерекшелігі бар шымкенттікпен сөйлесіп, өңірдегі мәселелер жайында білді.
Бочча спортымен 2020 жылдан бастап айналысып келемін. Қосымша бимен де айналысамын. Сондай-ақ оңалту орталығында ерікті болып жұмыс істеймін. Шымкентте боччадан үйірме 2020 жылы коронавирус пандемиясы басталып жатқан кезде ашылды. Қазірге дейін Астанадағы жарыстарға бардым, келешекте шетелге де барамын деп үміттенемін. Бимен айналысып жүргеніме көп болған жоқ, әрі жарыстарға қатысқан жоқпын, - дейді Ажар.
Астанада 13-15 маусымда «CHILDREN PARALYMPIC GAMES 2024» инклюзивті спорт фестивалі өтті. Ажар – сол додаға қатысқандардың бірі. Айтуынша, жарыста 2-орын алған.
Шымкентте арбадағы азаматтарға жағдай салыстырмалы түрде жақсарған. Тек жолдарда ғана қиындық бар. Қалада жұмыс жағынан да қиындық бар. Біз секілді ерекше жандарға бір жылдық жұмыс береді. Бір жыл жұмыс істегеннен кейін ерекше жандар жұмыссыз отырады. Ал оңалту бойынша кішкентай балаларға жағдай жасалған, ал ересектерге оңалту мүлде қарастырылмаған. Қазір оңалту орталығында ерікті болып жұмыс істеймін. Өзіммен тағдырлас азаматтарды да ойлап жүремін, - дейді Ажар.
Оның сөзінше, ерекшегілігі бар азаматтар барлық жерде жұмыс істей алады.
«Саламатты болашақ» жобасының Шымкент қаласы бойынша үйлестірушісі Бибігүл Жүністің айтуынша, қаладағы ерекше балалардан құрылған топ инклюзивті спорт фестиваліне биыл үшінші рет қатысты.
Алғашқы жылы 60 адам болып бардық, 2023 жылы 130 адамға жетті, ал биыл 110 адам болып қатыстық. Оның ішінде ата-аналар, жаттықтырушы, балалар бар. Ал жарысқа қатысатын 50 бала бар. Топтық инклюзивті хореографиядан екі команда бар – 20 қыз, церебральды сал ауруы футболынан 7 ер бала, инклюзивті бейімделген жүзуден 10 бала қатысады. Іріктеу кезеңіне 120 бала қатысты. Іріктеу жүзу бойынша алдын ала бөлек өтті. Диагноз, жасына қарай топтарға бөлдік. Әділқазы да қатал болды, өзіміздің төрт жаттықтырушы да көмектесті. Қалған секцияларда төрешілер келіп қатысты. Дзюдо бойынша №1 спорт мектебінің аға бапкері келіп қатысты, - дейді Бибігүл Жүніс.
Маманның айтуынша, инклюзивті жүзу бойынша 60 ғана орын бар. Алайда кезекте 200-ден аса бала тұр.
«Сұраныс 3-4 есе жоғары. Қаладағы инфрақұрылым жоғары деңгейде емес. Бочча ойынына тегіс алаң керек», - дейді Бибігүл Жүніс.