Петропавлда автожол салуға 2,9 млрд теңге бөлінді
1961 жылы салынған жол апатты жағдайда тұр
Петропавлда автожол салуға 2,9 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Олжас Бектенов қаулыға қол қойды. Сондай-ақ Үкімет бұл жобаның қала үшін маңызы зор екенін атап өтті, себебі 1961 жылы салынған автожол өтпесі (автодорожный путепровод) апатты жағдайда тұр.
Теміржол магистралі қаланы екі бөлікке бөледі, Караванная көшесіндегі автожол өтпесінен күн сайын 16 мыңға жуық автокөлік қатынайды. Аудандар мен облыс орталығы арасындағы көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын қамтамасыз етеді. Оның шағын өлшемі мен көлік ағынының жоғары қарқындылығына байланысты аталған автожол өтпесінде көлік қозғалысын шектемей жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес, бұл қала тұрғындары үшін қолайсыздық тудыруы мүмкін, - деп мәлімдеді Үкімет.
Осыған байланысты Универсальная көшесінің бойында бұрыннан бар жолмен қатарластыра жаңа жол өтпесін салу туралы шешім қабылданды.
Жобаның жалпы құны – 5,9 млрд теңге, оның бір бөлігі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.