Көшпенділер ойындары: Қазақстанның садақшылары қалай дайындалып жатыр? (ВИДЕО)
Ойындарға іріктеліп алынған спортшылар - кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар
Еліміздің намысын қорғайтын садақшылар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Диас Ахметовтың айтуынша, садақ ату – қазақтың қанына сіңген өнер.
Садақ атуда барлығы әділ. Нәтижең нысанаға тигізгеніңмен ғана тең. Бұл спортта ешкім бірін-бірін жықпайды. Ешкім ешкімге өкпелемейді. Нысананы дәлдеп атып, ұпайыңызға сай марапатыңызды аласыз» – деді Диас Ахметов.
Ал Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қанат Қасымхан «оқушы кезімнен Олимпиадаға қатысып, бірінші орын алуды армандайтын едім» дейді.
«Көшбасшының мақсаты – көк туымызды көкте желбірету. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеліп алынған спортшыларымыз кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар», - дейді Ұлттық спорт қауымдастығы.
Бұған дейін Алматыда дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың көшпелі оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқаны жайлы жазған едік. Жиынға 12 спортшы қатысады: іріктеуден өткен 10 спортшы және тағы 2 спортшы резервте болады. Оның ішінде 6 ер адам, 4 қыз Көшпенділер ойындарының ережелеріне сәйкес жарыстарға қатыспақ.
Республикалық садақ ату федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар қауымдастық құрамына бәйге, көкпар, аударыспақ, асық ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, JORYQ федерациялары да кіреді. Ал қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.