Қазақстан мен Өзбекстан жаңа әуе жолын ашты
Бұл – Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасын жалғайтын қосымша бағыт
Қазақстан мен Өзбекстан әуе кеңістігі арқылы өтетін жаңа Т916 бағыты ашылды. Бұл – Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасын жалғайтын қосымша бағыттардың бірі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, жалпы осы бағыт ашылғалы Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азияға 19 рейс орындалған. Бірақ бұл әуе жолын пайдаланушылар тек жаздың соңына қарай белсенді қолдана бастауы мүмкін. Себебі оларға жаңа жолды игеру үшін біраз уақыт қажет. Қазірдің өзінде жаңа бағытпен бірнеше әлемдік беделді әуе компаниясы қатынап жатыр.
Т916 әуе кеңістігі жолының жалпы ұзындығы 2 187 шақырымды құрайды, оның ішінде 437 шақырымы Өзбекстан әуе кеңістігі арқылы, қалған 1 750 шақырымы Қазақстан аумағының үстімен өтеді.
Айта кету керек, Т916 әуе қозғалысына қызмет көрсетудің жаңа бағыты Өзбекстан әуе компаниялары мен аэронавигациялық провайдері – «Узаэронавигация» мемлекеттік унитарлық кәсіпорны ұсынысы бойынша ашылған. Бұл бағыт ICAO-ның таңдаулы бағыттарының каталогына енгізілген.
«Қазаэронавигация» РМК мамандарының айтуынша, жаңа әуе дәлізі шетелдік әуе компаниялары үшін Қазақстан әуе кеңістігінің тартымдылығын арттырады, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан әуе қозғалысына қызмет көрсету өңірлік орталығының авиадиспетчерлеріне түсетін ауыртпалықты азайтуға көмектеседі.