Қазір техникалық құжаттармен танысу жұмыстары жүріп жатыр
Қарағанды облысының әкімдігі ферроқорытпа зауытындағы тергеу барысы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Сегіз адам зардап шеккен Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау үшін еңбек заңнамасы шеңберінде арнайы комиссия құрылды. Оны еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Қарақекілов басқарды. Комиссия құрамына барлық уәкілетті мемлекеттік орган өкілдері енгізілді», – деді әкімдік.
Оқиға орны тексерілді, жазатайым оқиғаның куәгерлеріне сауалнама жүргізілді. Қазір техникалық құжаттамамен танысу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстың барлығы облыс басшылығының үнемі бақылауында, – деп толықтырды ведомство.
Бұл оқиғаға байланысты ферроқорытпа зауытында ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі бойынша «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін Қарағанды зауытындағы апаттан зардап шеккен жұмысшылардың халі жайлы жазған едік. Сондай-ақ аталған зауыттың Ресей және Түркиядан дәрігерлер алдыртқаны жайлы да хабарлаған болатынбыз.