Асық атушылардың Көшпенділер ойындарына дайындығы қалай? (ВИДЕО)
Ұлттық құрама халықаралық сайыста жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіске жетуді көздеп отыр
Қазақстандық спортшылар, оның ішінде асық атушылар Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызу дайындалып, ұлттық спорт түрлерінен оқу-жаттығу өткізіп жатыр, деп хабардайды Halyq Uni.
Асық атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жомарт Сабыржанұлы «асық-ата-бабаларымыздан қалған құнды мұра» дейді. Бас бапкердің айтуынша, асық ату ойыны адамды дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа және ой-қабілетті шыңдауға тәрбиелейді.
Ал Асық атудан ұлттық құраманың капитаны Алмас Қарабаев «асық ойнаған азбайды» деген пікірде. Ол ұлттық спорт түріне бала кезден қызыққан. Ал бүгінде жас спортшыларды асық иіріп, атуға үйретіп жүр.
Құрамада асық ойнайтын арулар да бар. Солардың бірі – асық атудан ұлттық құраманың спортшысы, әлем чемпионы, Еуразия Кубогының күміс жүлдегері Көгершін Думан. Оны осы спортқа анасы алып келген. Қазір спортшы асық ату ойынын халықаралық деңгейде дәріптеуді жоспарлап отыр.
Республикалық асық ату федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Көкпар», «Аударыспақ», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Жамбы ату», Joryq ат спорты мен тағы басқа федерациялар бар.
Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.
Биыл 8-13 қыркүйек аралығында елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Әлемнің 85 елінен келетін спортшылар асық ату, бәйге, кураш, теңге ілу, көкпар, көкбөру, көреш, ордо, арқан тартыс, аударыспақ, алыш, тоғызқұмалақ және басқа да спорт түрлерінен 110 медальді сарапқа салады.