Halyq Uni логотип
×

Ақмола облысында 65 млн теңгенің сырасын ұрлағандар ұсталды

Олар өнімді шетелге сатып отырыпты

 Қымбат Елтайқызы 20.07.2024 | 12:09
Ақмола облысында 65 млн теңгенің сырасын ұрлағандар ұсталды
фото: Halyq Uni

Ақмола облысының полиция қызметкерлері 2 жыл бұрын жасалған аса ірі көлемдегі ұрлық қылмысының бетін ашты, деп хабарлайды Halyq Uni.

2022 жылғы 7 шілдеде Көкшетау қаласының полиция басқармасына қаладағы кәсіпорындардың бірінің қоймасынан 2 мыңға жуық сыра құйылған құты ұрланғаны туралы ақпарат түсті. Залал сомасы 65 млн 600 мың теңгені құрады, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Тергеу барысында 2022 жылдың 31 қаңтары мен 16 наурызы аралығында ұрылардың кілттерді таңдау арқылы кәсіпорын қоймасына кіріп, тауарды жүк көлігімен бөлшектеп әкеткені анықталды. Осы қылмысты жасағаны үшін тергеу және арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Ақмола облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктілерді ұстады. Олар Зеренді ауданының 41 жастағы тұрғыны және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған Көкшетау қаласының 30 және 40 жастағы екі тұрғыны болып шықты, – деп толықтырды ведомство.

Олардың қылмыстық жолмен алынған өнімді елордаға жеткізіп, ұрланған тауарды жақын шетелге экспорттағаны белгілі болды. 

Ұрлық фактісіне қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабының 4-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама