«14 жастағы қызды зорламақ болған». Сарыағаш ауданындағы дүрбелеңде 7 адам жараланды (ВИДЕО)
Қазір ауылды құқық қорғау өкілдері бақылап жүр
14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Жібек Жолы ауылындағы екі үйге жүзден аса адам шабуыл жасаған. Соның салдарынан 7 адам жараланған дейді ауыл тұрғындары. Ақпартты ауыл әкімдігі де растады. Олардың мәліметінше, шабуылдаушылар 100 емес, 50 адам болған, деп хабарлады stan.kz.
Жібек жолы ауылдық округінде жастар тарапынан түсінбеушілік болған. Кешке жастар арасында әлеуметтік желіде қазақ қызды зорламақшы болды деген ақпарат тараған. Содан кейін жастар дүрбелеңге түскен. Дегенмен ауыл үлкендері дер кезінде алдын алып, келеңсіз оқиға болған жоқ. Ешкім жараланбады. Қылмыстық іс қозғалды. Жалған ақпарат тарату бойынша бірнеше азамат тергеліп жатыр, – деді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев.
Үйіне зақым келген тұрғындар қандай да бір жауап беруден бас тартты. Жәбірленушілердің үйінің есіктері сынғанын байқауға болады. Дүрбелеңге куә болдық деген өзге тұрғындар оқиғаның қорқынышты болғанын айтады. Сөйтіп үйінен шықпаған жұрт көшеге бір сәтте жүзден астам адамның келгенін мәлімдеді. Үлкен көліктермен жеткізілген жас жігіттер темірмен ұрып, өзге ер адамдардың қолын сындырып, бірінің басын жарған дейді. Сөйтіп бас-аяғы 7 адам жараланғанын айтады. Қала берді, осы оқиғадан кейін 3 күн бойы ауылда не байланыс, не интернет болмапты.
Өзім үйімнен шықпадым. 100-дей адам топалаң көтерді. Не болғанын да түсінбей қалдық. Қамсыз отырған едік. Полицейлердің де қауқары жетпей қалды, – дейді ауыл тұрғыны.
Жібек жолы ауылындағы дүрбелең 14 жастағы қызға 11-сынып оқушысы тиісті деген хабардан соң басталған. Тұрғындар гүл дүкеніне келген қызға жігіттің қырындағанын айтады. Ол қыздан телефон нөмірін сұраған. Ал дау жігіт қызды зорламақшы болды деген ақпараттан соң туған. Тұрғындардың айтуынша, жігіттің туыстарының үйіне шабуыл жасалған. Ал жігіттің өзі қазір қамауда отыр. Жанжалдан кейін қамауға алынғандардың тағы бірі – 19 жастағы Тимур Ергешов. Олардың бәрінің үйі маңында полицейлер тұр.
Баламды құзырлы орган өкілдері жұмыс орнынан алып кеткен. Бесінші күн болды жатқанына. Әлі көрсетпейді. Кіруге болмайды дейді. Өз баламды өзіме көрсетпей жатыр бұлар. Күнде барып келемін. Ертең кел, ертең кел дейді. Не істесе де мойнымен көтерсін. Бұл жерде 30-40 бала бар. Бірақ бір ғана менің баламды қамап тастаған. Шындық жоқ бұл жерде, – дейді Тимур Ергешовтің әкесі Еркін Андакулов.
Айта кетейік, әкімдік ауылда 17 ұлт өкілі тұратынын мәлімдеді. Олардың басым бөлігі – қазақ, өзбек, әзербайжан. Оқиғадан соң ауылда штаб да құрылып, облыс әкімдігінің жауаптылары да келген. Қазір ауылды құқық қорғау өкілдері бақылап жүр.
Тұрғындар жәбірленген әзербайжан ұлты өкілдерінің Әзербайжан Республикасының консулдығынан көмек сұрағанын айтады. Осыдан кейін Сарыағаш ауданының Жібек жолы ауылындағы 16 жастағы мектеп оқушысы «Зорлау» және «Қылмысқа оқталу» күдігімен, ал 19 жастағы жігіт «Бұзақылық» бабымен қамауға алынды.