Halyq Uni логотип
×

СҚО-да жылқылар арасында белгісіз ауру тарап жатыр

Жануарлардан сынама алынып, елордадағы зертханға жіберілді

 Самат Жақып 07.06.2022 | 18:33
СҚО-да жылқылар арасында белгісіз ауру тарап жатыр
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында жылқылар арасында белгісіз ауру тарап жатыр. Тұрғындардың айтуынша, жылқылардың қызуы көтеріліп, көксаулана бастаған. Тіпті кейбірінің мұрнынан маңқасы ағып, әлсіреп қалады екен. Ал ветеринарлар оның не ауру екенін білмей дал.

Есіл ауданына қарасты Чириковка ауылының жылқылар артқы аяғын баса алмай қалып жатыр. Жануарлардың осындай індетке шалдыққанына апта өтті. Сәйкесінше уақыт өткен сайын, ауру малдың саны артып барады.

«Ауылда қазір шамамен төрт жүздей жылқы жүр. Алдында екі-үш жылқы осылай ауырып қалған еді. Бірақ біз оған аса мән бермедік. Бүгін міне тағы үш жылқы ауырып тұр. Басында тек жөтел пайда болады. Артынша артқы екі аяғы тыпырлап, жүре алмай қалады. Қолымыздағы дәрілердің ешқайсы көмектеспей жатыр. Жағдай қиын деуге болады. Жалпы бізде WhatsApp желісінде жылқышылардың тобы бар. Ондағы жігіттер де осындай ауру пайда болғанын жарыса жазып жатыр. Қазір бұл ауру Аққайың, Тайынша аудандары мен Бескөл ауылында да анықталған көрінеді. Олардың айтуынша бір екпе бар екен. Ал оның бағасы 75 мың теңге тұрады. Ол 25 жылқыға жетеді деп естіп жатырмыз. Бірақ, оны қайдан алатынымызды, не екпе екенін білмей отырмыз. Ауылға ветеринарлар келіп, тексеріп жатыр. Бірақ олардан нақты жауап жоқ. Негізінен былтыр Ақтауда (Маңғыстау обл.) осындай ауру тараған еді. Бұл ауру соған ұқсас болып тұр. Сондықтан қырылып қала ма деп қауіптеніп жүрміз», - дейді Чириковка ауылының тұрғыны Нұрлан Зағыпаров.

Самархан Сәдуақасов деген азаматтың ауыл жылқысын бағып жүргеніне жеті жылдан астам уақыт болған. Ол да мұндай ауруды бірінші рет кездестіріп тұрғанын айтады.

«Сол көбіне жөтел болып тұр. Не ауру екені түсінбей қойдық. Ауру ма, әлде суықтан ба? Оны да білмейміз. Жөтеліп жүргеніне бір аптадан асты. Жөтелден басқа маңқасы ағады. Сосын әлсірейді. Ширақ қимылдамайды. Тіпті жатып қалады. Қазір жылқылардың бәрі бірге жүр. Мұндай жағдай бұрын болған емес. «Сақау» деген ауру бар. Ол күн ысыған кезде пайда болады. Бірақ бұл оған жатпайды. Биылдыққа «Сақау» ауруы ауылда анықталған жоқ. Және ауырып жатқандары - көбіне үлкен биелер. Ал, құлындар ойнақтап, емін-еркін жүр», - дейді жылқышы Самархан Сәдуақасов.

Ветеринарлар жылқылардан сынама алып, елордадағы арнайы зертханаға жіберді. Оның қорытындысы бірнеше күннен кейін дайын болады.

«Мұндай белгі бойынша бірнеше аурудың түрі болуы мүмкін деген болжам жасап отырмыз. Яғни өкпе бронхиты - созылмалы түрде өтетін. Сонымен қатар гирменттерді қоздыратын аурулар да болуы ықтимал. Одан кейін жұқпалы аурулар. Енді жұқпалы ауруларға қарсы біз кеше материал алып, диагноз қою үшін зертханаға жібердік. Ол жақын күндері дайын болады деген жоспар бар. Егер қандай да бір жұқпалы ауру анықталатын болса, онда диагнозы нақтыланғаннан кейін нақты іс-шараларды жүргіземіз. Одан қалды шектеу шаралары да енгізіледі. Ал қазір біз өзіміз симптоматиялық түрде ем жүргізіп жатырмыз. Ауырған жылқыларды бөліп, оларға вирусқа қарсы антибиотик және жалпы организмді жақсарту үшін түрлі екпелер салып жатырмыз. Әзірге бізде Есіл ауданынан ғана осындай ақпарат келді. Басқа аудандарда жағдай тұрақты. Себебі ешқандай хабар түскен жоқ. Айта кету қажет, бұрын біздің өңірде мұндай ауру мүлдем тіркелмеген», - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Әзірге белгісіз аурудан мал басының шығыны жоқ. Оған қоса, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша нақты қанша бас жылқының осы індетке шалдыққаны да белгісіз. Дегенмен, жылқыдан басқа мал бұл аурудан ада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама