Мәслихат сессиясында қаланы абаттандырудың жаңа стандарттары қабылданды
Алматыда ұйымдастырушылар бұқаралық іс-шаралардан кейін артын тазалауға міндеттелді. Тиісті ереже қаланы абаттандырудың жаңа стандарттарында көрсетілген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қала әкімдігінің мәліметінше, мегаполис кәсіпкерлері мәслихат сессиясында қабылданған жаңа ережелер бойынша аумағын абаттандыруды қадағалайды. Бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар енді оқиғадан кейін артын тазалауға міндетті.
Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту кезінде жаяу жүргіншілерге, қоғамдық көліктер мен велосипед жолақтарына және арық жүйелеріне басымдық беріледі.
Сонымен бірге көріктендіру төлқұжатын пайдалану қайтарылады: Оған аумақ иелері мен әкімдіктер қол қояды. Құжатта тротуарлардың, көгалдардың, қасбеттердің және көше жиһаздардың жағдайына талап қойылады. Бұл қоғамдық және жеке аумақтардың жағдайын бақылауды жақсартуға көмектеседі.
Қабылданған шаралар «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.