Ол тағы біреудің атына қомақты көлемде заңсыз несие рәсімдеген
Ақтөбе қаласының №2 сотында бірнеше рет алаяқтық жасаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы 2023 жылы 19 шілдеде теміржол вокзалының күту залында жәбірленушімен танысып, одан e-Gov mobile қосымшасы арқылы құжаттарды алуға көмек сұраған. Ол жәбірленушіге тиесілі ұялы телефон арқылы банк қосымшасына кіріп, екі мәрте 650 мың теңгеге тауарлық несие рәсімдеген. Несиені кейіннен мессенджерлердегі «Make Монеу жобасы» және «Обналичка Актобе» деп аталатын топтар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, өз қажеттілігіне жұмсаған.
Жәбірленуші ұялы телефонына несие төлеу қажеттігі туралы хабарлама келгеннен соң, банк бөлімшесіне барғаннан кейін ғана өз атына несие рәсімделгені туралы білген. Жәбірленушіге 1 млн 300 мың теңге материалдық шығын келтірілген.
Бұнымен қоймай, сотталушы 2023 жылы 31 тамызда кешкі уақытта танысынан «ВАЗ-2112» маркалы автокөлігін сұрап алып, келесі күні автобөлшектер сататын базарда көлікті 170 мың теңгеге сатқан. Ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Қасақана жасалған бұл әрекеттен жәбірленуші 523 мың 554 теңге шығынға батты.
Ер адам тағылған айыптар бойынша кінәсін толық мойындап, жасаған іс әрекетіне өкінетінін айтып, соттан бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Соттың үкімімен А.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот сотталушыдан жәбірленуші Б.-ның пайдасына 1 млн 300 мың теңге материалдық шығын өндірді, ал жәбірленуші Н.-ға көлігі қайтарылғандықтан, оның өтінішхаты бойынша талап қою арызы қараусыз қалдырылды, – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.