Атырауда қарақұрттан келген залал 65 млн теңгеге жетті
Өңірде улы бүйе қаптап кеткен
Атырауда қарақұрт шаққан малдарға емдеу шаралары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Атырау облысы аумағында соның ішінде құмды өңірлерде улы бүйе – қарақұрттың көбейіп, ауыл шаруашылығы жануарлары зардап шегіп жатыр. Биылғы маусым-шілдеде 485 бас түйені қарақұрт шағып, салдарынан 90 бас шығын болды. Симптоматикалық емдеу шаралары нәтижесінде 306 бас жануар сауығып, 89 бас малға әлі де емдеу жүргізіліп жатыр.
Өлген мал иелеріне 65 211,2 мың теңге шығын келтірілді, – деп мәлімдеді жергілікті «Ақжайық» басылымы.
Улы жәндіктердің шағуының алдын алу, емдеу және өлген жануарларға өтемақы төлеу бюджет қаржысы есебінен қарастырылмаған. Алайда, соған қарамастан жергілікті ветеринар мамандар улы жәндік шаққан жануарларды емдеу шараларын күнделікті жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, улы бүйелерден қорғану немесе оларды жоюды бюджет қаржысы есебінен атқарылатын іс-шаралар тізбесіне қосу бойынша шаралар қабылдау туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданды.
Осы ретте, мал иелеріне улы жәндіктер көп тараған жайылымда түйе, жылқы және сиырды жаюдан бас тарту, ауру белгілері білінген жануарлар туралы жедел түрде ветеринар мамандарға хабарлау, сондай-ақ емдеу шараларын қабылдап жатқан жануарларды күтіп-бағу ережелерін қатаң сақтау жайы ескертілді. Себебі, улы жәндіктер шаққаннан кейін жедел түрде ветеринариялық емдеу шараларының қолданылуы – малды өлімнен алып қалудың ең негізгі жолы.