Қазір елімізде 78 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі жұмыс істеп тұр
Қазақстанда түрмеде отырған адамдар саны артқан, деп хабарлайды Halyq Uni.
Соңғы 4 жылда түрмедегі адамдардың саны 7 мыңға жуық өсті. Бұл бөтеннің мүлкін ұрлау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, мал ұрлығы мен жол-көлік оқиғалары саласындағы заңнаманың қатаңдатылуына байланысты, деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков.
Бүгінде елімізде 78 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі жұмыс істейді. Онда 37 мыңнан астам сотталған жазасын өтеп жатыр. Оның 3 мыңға жуығы әйелдер және 50-ден астамы кәмелетке толмағандар. 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған адамдар. Бұл ретте, сотталғандардың 45%-ы бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар, - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, ҚАЖК қоғамның ең күрделі санатымен жұмыс істеп жатыр. Осыған қарамастан, мекемелерде жедел жағдай тұрақты әрі бақылауда тұр. Қамаудағы әр адаммен психологтар мен мекемедегі әртүрлі қызметтер кешенді жұмыс жүргізеді.