Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында ер адам әйелінің туысын өлтірген

Одан жәбірленушінің пайдасына 6 млн теңге өндірілді

 Динара Амантай 18.07.2024 | 12:33
Қарағанды облысында ер адам әйелінің туысын өлтірген
Фото: Depositphotos

Қарағанды облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелінің әжесін өлтірген ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сотта анықталғандай, айыпталушының тұрақты табысы болмаған. Қаржылық қиыншылықтар туындағандықтан, ол өз әйелінің әжесі – 1942 жылы туған жәбірленушіден ақша сұрамақ болады. Осы мақсатта сотталушы 2024 жылғы 23 ақпанда сағат 14:00-де Новодолниский кентінде тұратын жәбірленушінің үйіне барып, одан 500 мың теңге сұраған. Әйелінің әжесі оған ақша беруден бас тартқан. Араларында жанжал туындап, сотталушы жәбірленушінің мойнынан қылқындыра бастаған. Оның көз жұмғанына көз жеткізгеннен кейін, оқиға орнынан қашып кеткен. Ертеңіне шамамен сағат 03:00-де қылмыс жасаған жеріне қайтып келіп, ізін жасыру үшін жәбірленушінің мәйітін сыртқа апарып тастап, 152 мың теңгені қолды қылған.

Сотталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәйектермен, сараптама қорытындылары және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.

Соттың үкімімен Ш. айыптаудың барлық баптары бойынша кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде белгіленді, – делінген сот хабарламасында.

Сонымен бірге жәбірленушінің пайдасына моральдық және материалдық залалды өтеу ретінде сотталушыдан 6 млн теңге өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама