Halyq Uni логотип
×

Талғат Нығматулиннің жұмбақ өлімі және оған қандай қастандық жасалды

Кино әлемінде жарық жұлдыздай жанған дарынның ғұмыры келте болды

 Халық үні 17.07.2024 | 21:50
Талғат Нығматулиннің жұмбақ өлімі және оған қандай қастандық жасалды
Фильмдегі Нығматуллин бейнесі. көрнекі фото: stan.kz

1980 жылы шыққан «XX ғасырдың қарақшылары» экшн-фильмі арқылы көрермен Талғат Нығматулин сомдаған қарақшы Салех бейнесін ерекше есте сақтап қалды. Бұл актердің асқан шеберлігі болса керек. Нығматулин мықты каратэші де болған. Алайда жауыздықты серік еткен әлдебір топтың соққысы небәрі 35 жастағы дарынның өмірін қиып кетті. Бұл оқиғаның қалай болғанын nur.kz жазды.

Актердің балалық шағы

Талғат Қадырұлы Нығматулин 1949 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Ең көп тараған нұсқа бойынша Талғат Нығматулин Қырғыз КСР-нің Ош облысы, Қызыл-Қия қаласында дүниеге келген, бірақ оның Өзбекстан КСР астанасы Ташкент қаласында туғаны туралы нұсқа да бар. Нығматулиндер отбасы Талғат бір жасқа толғанда Қызыл-Қияға көшіп келіпті-міс.

Талғат Нығматулиннің өзі біраз сұхбатында Ташкентте дүниеге келгенін үнемі айтып жүретін. Оның балалық шағы қиын болды. Талғаттың әкесі шахтер болған. Талғат әлі екі жасқа толмаған кезде әкесі қаза тапты. Талғат жас кезінен ақша таба бастады. Ол қант зауытында, аяқ киім цехында жұмыс істей бастады. Ал анасы мектеп директоры болатын, бірақ соған қарамастан, отбасының тұрмысы нашар болды. Анасына екі ұл, бір қыз өсіру қиынға соққан. Сөйтіп Талғатты балалар үйіне жіберген көрінеді.

Талғат тұйық, ұялшақ болып өсті. Баланың денсаулығы да жақсы емес еді, ол бала күнінде рахитпен ауырған. Құрдастарымен ойнаған сәттерде оны үнемі кемсітетін. Тіпті, мұндай басқосуларда көз жасына ерік беріп, кейде бет-аузы көгеріп, соққы алып, одан да ауыр жарақаттармен аяқталатын.

Бірде пионер лагерінде бір қыз Талғатпен билеуден бас тартады. Оның аяғының садақ тәрізді қисықтығын айтып, келеке етеді. Ренжіген Талғат көз жасын ешкім көрмесін деп далаға шығып кетеді. Содан кейін ол өз денесін әдемі етуге ант етеді. Ол бал билері мен жеңіл атлетика, кейін каратэмен айналыса бастады. Орыс тілінің де пайдасы бар деп ойлайды. Нығматулиндердің үйінде кітапханаға бей-жай қарамайтын, бұл жерде Талғатқа арналған орын да болды. Біраз уақыттан кейін бәрі Талғаттың орысша қаншалықты әдемі, дұрыс және әдеби сөйлегеніне таң қалатын болды. Ол тілді жақсы меңгеру үшін «Соғыс пен бейбітшілік» екі томдығын қолмен қайта жазып шыққан екен.

Білім баспалдағы

Талғат мектепті бітірген соң Мәскеудегі ВГИК-ке оқуға түспек болады. Оның ең үлкен арманы режиссер болу еді. Бірақ ол жерге бірден қабылданбады. Бұл сәтсіздіктен кейін Талғат Мәскеуден кеткісі келмей, цирк және эстрада өнері мектебіне түседі. Цирк мектебінде оқып жүргенде Талғат күреске қатты қызығып, тіпті бұл спорт бойынша шен де алған. Талғаттың тағы бір хоббиі каратэ болатын. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, уақыт өте актер каратэден қара белбеу алды. Жас талант 1968 жылы ВГИК-тің актерлік факультетіне оқуға түсті.

Жас актер жұмыспен қатар барлық жаңа және қызықты дағдыларды бойына сіңірді. Ол кітапты құмарта оқыды, өлеңдер мен прозалар жазды. Жарыстарда Өзбекстан чемпионы атағын жеңіп алып, КСРО чемпионатында алтыншы орынды иеленді.

Талғат Нығматуллин өте сымбатты әрі талантты еді. Мосфильм жас актердің дарынын байқап, 1967 жылы «Комиссар туралы баллада» фильміндегі ақ гвардия офицерінің рөлін ұсынды.

Талғат Нығматулиннің нағыз танымалдылығы артқан кезі «ХХ ғасырдың қарақшылары» фильмінен кейін басталды. Бет-әлпеті азиялық типке жататын актерге «Кеңестік Брюс Ли» деген лақап ат берілді.

Оның бірінші сомдаған рөлі зәрлі әзіл секілді болды. Талғаттың қара былғары қолғап киген жас жауыз бейнесінің сәтті шыққаны сонша, кейін оған кілең жексұрын рөлдер берілді. Ал ол өмір бойы басқа нәрсені армандады..., - дейді Әлішер Хамдамов.

ВГИК-те Нығматулин болашақ жұлдыздармен бірге оқыды. Олардың арасында кіші Николай Еременко, Вадим Спиридонов және төрт Наталья - Белохвостикова, Гвоздикова, Аринбасарова және Бондарчук болды.

Нығматуллин киносы

1967 жылы актер өзінің дебютін жасады. Нығматулин «Комиссар туралы баллада» фильміндегі жауыз адам ретіндегі алғашқы рөлін ойнады. Бұл рөлді жақсы ойнағаны соншалық, оған үнемі жағымсыз кейіпкер бейнесі берілетін болды.

Оқуын бітіргеннен кейін Нығматулин Ташкентке көшіп келіп, 1971 жылы "Өзбекфильм" киностудиясына жұмысқа орналасады. Киностудияда оның қатысуымен бірнеше фильм түсірілді.

1972 жылы «Жетінші оқ»;
1973 жылы «Кездесу мен қоштасу»; 
1976 жылы «Сиявуш туралы аңыз» этникалық ертегісі.

Нығматулин жазушылық жұмыстарға белсене араласып, 1978 жылы білімін жетілдірді. Ол сценаристер мен кинорежиссерлердің жоғары курстарына қатысқан.

1979 жылы Талғат Нығматулин «ХХ ғасырдың қарақшылары» атты шытырман оқиғалы фильмде қарақшы рөлін ойнаған актер каскадерлікті оқымай-ақ меңгергенін көрсетті.

1981 жылы Нығматулин өзінің алғашқы фильмін түсірді. Қысқаметражды фильмнің аты «Эхо» деп аталды.

Талғат Нығматуллин 1985 жылдың 11 ақпанында Вильнюсте ауыр соққының салдарынан қайтыс болды. Тергеушілер жасаған ресми ақпаратқа сүйенсек, Талғат Нығматулин секта басшысы Абай Борубаевтың бұйрығымен айтқанына көнбегені үшін өлтірілген. Алдымен сектанттар Вильнюске жергілікті ізбасарлармен өзара мәселені шешуге жиналған. Абайдың әрекеттеріне көңілі толмағандар жаңа қауымдастықты құруды ойлаған.

Тергеушілер актерді өлтірген қандықол қарақшыларды ізін суытпай ұстаған. Оның ішінде Абай мен Мырзадан бөлек, бір сектада болған көшбасшылар болған. Олар Нығматулинді өлтіргендерін жоққа шығарған жоқ. Бірақ әлі күнге дейін нақты не үшін өлтіргені, сол түні не болғаны ашылмаған жұмбақ күйінде қалды. Танымал актер Талғат өліміне қатысты ел арасында тараған бірнеше болжам бар.

Абай кім, Мырза кім?

Ілкіде Талғат Нығматулиннің өліміне себепкер ретінде осы екі есім аталды. Ал енді бұлш адамдардың кісі өлтіруге дейін баруына не себеп болған? stan.kz сайтында жарияланған «Совет Брюс Лиінің» жұмбақ өлімі: Актер, каратист Талғат Нығматулинге не үшін қастандық жасалды? мақаласындағы деректерді негізге алып көрсек:

70-жылдардың соңында Бішкектің тумасы Абай Борубаев ерекше қасиетке ие Мырза Қымбатбаевты жолықтырады. Борубаев ықпалды номенклатуралық отбасынан шыққан, комсомолдық желі бойынша мансабын жасаған адам. Бірақ кейіннен Шығыс философиясына әуестеніп, адамның, оның ішінде мүмкіндігі ерекше адамдарды зерттейтін өз ғылыми зеттеу институты (ҒЗИ) құруды ойлады.

Мырзаның еш жерде жұмысы жоқ, қайыр сұрап, үсті алба-жұлба болып жүрді. Орта Азияда мұндай адамдарды көп ғасырлар бойы «девон» деп атады. Бұл құбылыстың ең жақын аналогы Ресейде «қасиетті ақымақтар» деген атпен танымал болды. Олар қарпайым халық болды, бірақ Алланың таңдаулылары ретінде ауруды емдеп, болашақты болжай алатындай қабілетке ие еді.

Абай Мырзамен танысқан соң іздеген адамы осы екенін бірден түсінді. Сөйтіп «ерекше қабілетке ие қарияға» қамқорлық көрсетіп жүрді. Абай жүрген жерінде оның ерекше қабілеттері туралы айтып, баяндап жүрді. Оның айтуынша қария емі қиын ауруларды арнайы техникалардың көмегімен емдей алады. Бұрынғы комсомолдық қызметкер Абайға бұндай қабілеттің тарихына елді қалай сендіру керектігін жақсы білді. Өтірік ғылым атын жамылып: энергетика, биоток және басқа да сылтаулар айтты.

Алайда Абай үшін бұл Ғылыми зерттеу институтын ашу орындалмайтын арманға айналды. Сөйтіп басқа жолға түсіп, Мырзаның оқырмандары мен жанкүйерлерін жинап, «Адам институтын» құруды көздеді.

Абай мен Мырзаның біраз қалаға сапары кезінде олардың айналасына оқырмандар қауымы жиналды. Брежнев дәуірінің соңында КСРО-да әр түрлі йоганың экзотикалық шығыс ілімдері танымалдылыққа ие болды. Ерекше қабілетке ие қарт кісілер туралы әңгіме желдей тарады. Жазушылар, суретшілер, актерлер, театр режиссерлері, университет оқытушылары — Абай мен Мырзаның алғашқы ізбасарлары болды.

Абай, Мырза және бұрынғы мәскеулік оқытушы мен каратист Пестрецов және оның екі студенті, Седов пен Бушмакин Литва астанасына «тұмарды» сатып кеткендерді бір жақты етіп, «оқу үшін қарыз болғандардан ақшаны қайтару» үшін келген. Ал Нығматулин кейінірек қосылған.

Осы айтылғанның басқа нұсқасы бойынша Нығматулин сектадан кетуге тырысқан, бірақ үлкен табыс әкелетін «олжаны» жоғалтқысы келмеген Абай оны кетуге тырысқаны үшін өлтіруге бұйрық берген.

Кино әлемінде жарық жұлдыздай жанған дарынның ғұмыры келте болды. Талантты актердің артында әйелі мен қызы қалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама