Halyq Uni логотип
×

Президент тапсырмасы: Астанада алғашқы ірі креативті хаб ашылды

Ол таланттардың орталығына айналмақ

 Қымбат Елтайқызы 17.07.2024 | 16:54
Президент тапсырмасы: Астанада алғашқы ірі креативті хаб ашылды
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Елордада алғашқы ірі креативті хаб өз жұмысын бастады. Шығармашылық кеңістік Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бұл сала еліміздің экономикасын өркендетуге тың серпін беретініне сенім білдірген еді.

Креативті хабтың ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Сенат депутаты Андрей Лукин мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Қонақтар сәндік-қолданбалы өнер шеберлерімен танысып, ұлттық болмысты сақтауда қазақтың дәстүрлі ою-өрнегін қастерлеп-насихаттаудың маңызы зор екенін айтты, деп мәлімдеді Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Ауданы 1,5 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимарат нетворкинг жасап, креативті индустрия жобаларын жүзеге асыру алаңына айналмақ. Хаб бірнеше бағыттағы аймақтарға бөлінген. Атап айтқанда, кітап дүкені мен отандық баспалардың өнімдеріне арналған оқу залы, этно-мұражай, қолөнер шеберханалары, заманауи өнер қойылымдары, музыкалық және әдеби кештер алаңы, сонымен қатар Smart nomad games жобасы мен заманауи өнер галереясы бар, – деп толықтырды ведомство.

Осындай хабтарды Қазақстанның барлық аймағында ашу жоспарланып отыр. Олар шығармашылық жобаларды іске асыруға және коммерцияландыруға, сондай-ақ шығармашылық нарыққа жүздеген маман қосуға ықпал етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама