Қазақстан адам саудасына қарсы күресті күшейтеді
Президент тиісті заңға қол қойды
Еліміз адам саудасына қарсы күресті күшейтпек, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан заңына қол қойды. Онда бұрын заңнамалық деңгейде белгіленбеген және алғаш рет «адам саудасының құрбаны», «адам саудасының ықтимал құрбаны», «адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері» және басқа да ұғымдар қарастырылған, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Мәселен, заңды әзірлеу кезінде ведомство негізгі тәсілдерді анықтады. Халықаралық тәжірибе – «төрт П» тұжырымдамасы енгізілді: серіктестік, алдын алу, қудалау және жәбірленушілерге көмек, – деп толықтырды ведомство.
Мысалы, біріншісі – мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың кешенді жұмысын, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссияларды және халықаралық ынтымақтастық негіздерін қамтитын адам саудасына қарсы іс-қимыл жүйесін қалыптастыру.
Екіншісі – алдын алу тетіктерін жетілдіру, атап айтқанда, тәуекелдерді бағалау және алдын алу шараларын жүргізу. Бұл адам саудасына ықпал ететін себептерді талдауды, кейіннен барынша азайту және пәрменді шаралар қабылдау үшін оның таралу нысандары мен ауқымын зерттеуді көздейді.
Үшіншісі – қудалау. Заңда адам саудасының барлық нысаны, оның ішінде мәжбүрлі еңбек, қайыр сұрау, жыныстық қанау және органдарды алу үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық заңнамаға сілтеме нормасы енгізіледі.
Төртіншісі – көмек көрсету. Адам саудасының құрбандарын қорғау және оларға көмектесу көптеген ратификацияланған халықаралық шарттың міндетті нормасы саналады. Заң жәбірленушіге мемлекет тарапынан өз құқықтары мен қорғау шараларын жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Жәбірленушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау кепілдіктері оларды полицияға жүгінуге ынталандырады және істерді сотқа жеткізуге ықпал етеді.
ІІМ бүгін қолданылып жүрген адам саудасы құрбандарының барлық құқығы сақталғанын және заңда көрсетілгенін атап өтті.
Заң алғашқы жариялған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2024 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енеді.