Halyq Uni логотип
×

ІІМ халықты тіркеу қағидаларын әзірледі

Жобаны жария талқылау 22 шілдеге дейін жалғасады

 Ербол Тұрымбет 17.07.2024 | 10:11
ІІМ халықты тіркеу қағидаларын әзірледі
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі «Халықтың көші-қоны туралы» заңға сәйкес «Халықты тіркеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрық жобасын әзірледі. Ол ел аумағындағы халықты тіркеу тәртібін айқындайды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Осы жоба арқылы ІІМ халықты тіркеу ережесін әзірлеу функциясын атқаратын болады.

Құжатқа сәйкес, 14 жасқа толған ел азаматтарын мемлекеттік корпорация немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы уәкілетті органның аумақтық бөліністері, ал ел аумағында тұрақты тұруға рұқсат алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды мемлекеттік корпорация арқылы уәкілетті органның аумақтық бөліністері тіркейді.

Тіркеу орындары олардың заңды мекенжайы саналады. Азаматтың тұрақты немесе көбiне тұратын елдiмекені оның тұрғылықты жерi деп танылады. Ал 14 жасқа толмағандардың немесе қорғаншылықтағы азаматтардың тұрғылықты жерi болып олардың заңды өкілдерінің тұрғылықты жерi танылады, - деп жазылған құжат мәтінінде.

Халықты тұрғылықты жері бойынша тіркеу, уақытша тұратын жері бойынша есепке алу тұрғын үйдің меншік иесiнiң/иелерінің (жалға берушінің) жазбаша берген келiсiмiмен не электрондық нысанда жүзеге асырылады. Мұндай тіркеу мен есепке алу тұрғын үйлерде, пәтерлерде, бау-бақша серіктестіктері мен кооперативтерінің саяжай құрылыстарында, жатақханаларда, қонақүйлерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде, интернат-үйлерінде, пансионаттарда, қарттар үйлерінде, сондай-ақ адамдар тұру үшін пайдаланылатын ғимараттар мен үй-жайларда жүзеге асырылады.

Жоба мәтінімен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады. Жобаны жария талқылау 22 шілдеге дейін жалғасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама