Семейде сүйіктісін көлікпен таптап өлтірген жігітке сот үкімі шықты
Қылмыстық іс 3 ай тергеліп, сотта 4 айға жуық қаралды
Семейде сүйген жігіті көлікпен таптап өлтірген Диана Сүлейменованың ісі бойынша сот үкім шығарды. Александр Галушкин 9,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол марқұмның отбасына 10 миллион теңге материалдық шығын төлеуге міндеттелді, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Алайда сотталушы үкіммен келіспей отыр. Енді айыпталушы тарап істі қайта қарауға жолдамақ.
Оқиға былтыр 15 желтоқсанда болған. Кездесу кезінде Александр мен Диананың арасында кикілжің басталады. Сол сәтте жігіт оны тастап, үйден кетуге бел байлаған. Алайда Диана жігітін тоқтатпақ болған. Ал ішімдік ұрттаған азамат ашуға булығып, көлігінің капотында отырған сүйіктісін ұшырған күйі таптап өткен.
Диана оны құтқарды. Ішімдік ішіп жүрмеуін сұраған. Ол мас болған. Бұған құлақ аспай, көлігімен жүріп кеткен. Видеодан көрініп тұр, қызымды қатты жылдамдықпен сүйрегені. Ол оны шын жақсы көрді. Әр кезде соның қасынан табылатын, - дейді анасы Елена Котова.
Артынша, жігіттің өзі ауыр жараланған сүйіктісін ауруханаға жеткізіпті. Денесінің сау тамтығы қалмаған Дина жансақтау бөлімінде 15 сағат жатып көз жұмды. Оның өліміне бас сүйектерінің сынуы мен ашық ми жарақаты себеп болған. Ал Александр Галушкин сотта оны қасақана өлтірмегенін айтып ақталды. Сондай-ақ өзіне қатысты қозғалған 106-бапты ауыстырып, жазаны жеңілдетуді сұрады.
Диана Сүлейменованың өліміне қастысты қылмыстық іс 3 ай тергеліп, сотта 4 айға жуық қаралды. Ақыры судья күдіктіні қасақана кісі өліміне айыпты деп тапты. Сондықтан Александр Галушкинді 9 жыл, 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім кесті.
ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін Галушкин Александр Владимирович кінәлі деп танылсын және 10 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелсін. Сондай-ақ 9 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, - деді үкімді оқыған судья Лариса Федосова.
Бірақ айыпталушы тарап бұл үкім «тым ауыр» деп келіспеді. Олар «алға тартқан дәлел-дәйектеріміз ескерусіз қалды» дейді. Енді істі қайта қарауға жолдамақ. Ал марқұм Диананың артында 13 жасар ұлы қалған.