«Достық» шаруа қожалығында 3 мыңнан аса шошқа бағылған
Мегаполис жұрты жағымсыз иістен тұншығып жатқандарын айтады. Ынтымақ-2 шағын ауданының халқын шошқа фермасынан келетін иіс шаршатқан. Тұрғындардың бастамашыл тобы мал шаруашылығының айналасын зерттеп, шаруа қожалығының иесімен кездесті, деп хабарлады zakon.kz.
Қолқаны қапқан иіске тұншыққандар «шаруа қожалығының адамдары шошқаның қалдықтарын суға ағызып жатыр» деп отыр.
Тазалағыш құралдан келіп жатқан жоқ ол иіс. Біз онда барып, тексеру де жүргіздік. Ол жақта иіс шығып жатқан жоқ. Иіс осы жерден келіп жатыр. Суға шошқаның боқтарын жіберіп жатыр. Сол мәселе ғой, елдің жанайқайы, - дейді Ынтымақ-2 шағын ауданының тұрғыны Серік Дүйсенов.
Бұрын «Достық» шаруа қожалығында 3 мыңнан аса шошқа бағылған. Қазір бұл сан айтарлықтай төмендеді. Сондай-ақ шаруашылық иесі фермадағы шошқа өнімдері қаладағы базарларға кететінін мәлімдеді.
Қазір енді 450 бас қалды. Оны сақтап тұруым керек. Үкіметтің заңы солай. Соны жаңа жылға дейін ұстасам, бәрін құртамын. Бір кісі сиырларын, жылқыларын бағайын деп жатыр. Соған беремін осы жерді. Жылқының иісі шықпаса, баға береді, - дейді «Достық» шаруа қожалығының иесі Ералы Еранов.
Қожалық иесі шошқалардың қалдығын сақтау үшін фермада арнайы контейнерлер бар деп сендірді. Бірақ жергілікті тұрғындардың ішке кіріп, жағдайды өз көзімен көруіне рұқсат бермеді. Бұл мәселе әкімдікке де жетті. Билік өкілдері ферманы қысқа уақыт ішінде жабамыз деп отыр.
2023 жылы ауыл шаруашылығы басқармасынан субсидия алған. 5 млн теңгенің төңірегінде. 2024 жылдың маусым айының соңына дейін кепілдемесі бар. Ол кепілдеменің мерзімі өтті. Жақын арада шошқа шаруашылығы қожалығын толық жауып тастау бойынша тиісті жұмыс атқарамыз. Халықтың шағым-өтінішін ескереміз, - деді Абай ауданы әкімдігі кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Қанат Керінбеков.
Жергілікті тұрғындар айтулы мәселе бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне де жүгінуге ниетті. Мамандар жағымсыз иістің мәселесін шешу үшін онда тазалық талаптары қаншалықты сақталып отырғанын анықтайды.