Бақтияр Артаев қызметінен «Дикий Арман» үшін кеткенін растады (ВИДЕО)
Оны жұмыстан шығарған Самат Ерғалиевтің өзі қазір уақытша ұстау изоляторында жатыр
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаңтар оқиғасынан кейін Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті және мемлекеттік бапкер қызметінен кеткен болатын.
Ол «Уақыт көрсетеді» YouTube-арнасында осының екі себебін айтты. Біріншісі – сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың орнын басады деп қорыққандар болған. Екінші себебі – боксшының Қаңтар оқиғасына қатысы бар деп күдікпен ұсталған «Дикий Арманды» қолдап пост жазуы. Ең басты себебі де осы болған екен.
Кім кіммен араласпай жатыр? Таза ақымақтық. Ашығын айтайық, түнгі сағат 2-де қорқор шегіп отырып, сол кездегі Спорт комитетінің басшысы хабарласты. «Дикий Арманмен» араласады екенсің, жұмысты босатуың керек» деді. Айлығым 180 мың теңге болды. Шетелде мен сияқты маманды 10 мың доллар төлеп шақырар еді. «Токиодан жылап келдіңдер. Ұлттық Олимпиада комитеті мен министрлік кінәні бір-біріңе сілтедіңдер. Алтын жоқ. Араға 2 салып, Сербиядағы әлем біріншілігінен 2 алтын алып бердім. Сонда 180 мың төлеп, осының өзін артық көріп кеттіңдер ме?» дедім. Мейлі деп, трубканы қойып, арызымды жазып бердім, - дейді Бақтияр Артаев.
Бұл ретте боксшыға Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарған Самат Ерғалиев хабарласқан. Ол қазір бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторында жатыр.
Алла – шебер. Өзі мәңгі сол жерде отыратындай ойлады. Енді қазір өзі қайда отырғанын білесіздер, - дейді спортшы.
Еске сала кетсек, 2022 жылы ақпан айында Бақтияр Артаев «Дикий Арман» ретінде танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевке арнап пост жазған болатын. Ол «бауыры үшін жүрегі ауыратынын» айтып, оны босатуды сұраған еді.