Halyq Uni логотип
×

БҚО-да балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы күшейеді

Өңірде былтыр суға батқан кәмелетке толмағандар саны 4 болса, биыл жаз айында 5 бала кеткен

 Халық үні 16.07.2024 | 19:11
БҚО-да балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы күшейеді
фото: БҚО әкімдігі

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырды, деп хабарлады Halyq uni

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің жетекшілігімен жазғы уақыттағы балалардың қауіпсіздігі тақырыбында кеңес өтті. Кеңес барысында төтенше жағдайлар, полиция департаменттерінің, білім, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері өңірдегі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сәйкес, соңғы уақытта БҚО-да балаларға қатысты қайғылы жағдайлар артқан. Мәселен, былтыр суға батқан кәмелетке толмағандар саны 4 болса, биыл жаз айында 5 бала (Ақжайық ауданында – 3 бала, Бәйтерек ауданында – 1 бала, Орал қаласында – 1 бала) суға кеткен.

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев балалардың қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Облысымызда қазір болып отырған жағдайларды барлығыңыз білесіздер. Соның ішінде балалардың суға батуы, терезеден құлауы көптеп тіркелген. Сондай-ақ көліктен зардап шеккен балалар саны биыл 3,5 есе, жарақаттанғандар саны 3,8 есе өсіп отыр. Осыған байланысты шұғыл түрде, барлық құзырлы мекемелермен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі менің жеке бақылауымда болады. Құзырлы мемлекеттік мекемелер балаларды қауіптен барынша қорғауы тиіс. Ата-аналар да шетте қалмауы керек. Барлық ата-ананы балалардың қауіпсіздігін мұқият бақылауға шақырамын. Полиция және төтенше жағдайлар департаментіне әрбір факті бойынша тергеу жүргізуді тапсырамын. Нәтижелер туралы маған жеке хабарлаңыздар, - деді Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі сала мамандарына балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды күшейтуді де тапсырды. Атап айтқанда, олар: суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерде рейдтік жұмыстар жүргізуді, өрт қаупі жағдайлары, жол қауіпсіздігі, үйлердің терезелерінің бекітілуі және қоғамдық жерлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б. жұмыстар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама