12 жылдан бері іздеуде жүрген алаяқ ұсталды
Ол 2012 жылы банктен ақша алып қашып кеткен
Полиция қызметкерлері 12 жылдан бері іздеуде жүрген алаяқты ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, іздеуде жүрген адам ЖШС директоры бола отырып, 2012 жылы Ақтөбе облысының екі ауданында мал қорымын салуға келісіп, банк арқылы бірнеше траншпен 17 миллион теңге көлемінде ақшаны иемденіп кеткен. Алайда, мал қорымын салу бойынша жұмыс орындалмаған. Барлық ақшаны алғаннан кейін ол қашып кеткен.
Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті мемлекетаралық іздеуге жарияланды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктіні Алматы облысындағы ауылдардың бірінде жасырынып жүрген жерінен тапқан.