Тоқаев сыртқы саясатта бірқатар ауыс-түйіс жасады
Искандер Айсариев енді Албаниядағы елші қызметін атқарады
Қазақстанның бірнеше елдегі елшісі ауысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Президент жарлығымен Абзал Сапарбекұлы Қазақстанның Мажарстандағы елшісі лауазымына тағайындалды.
Бұған дейін бұл қызметті атқарған Жәнібек Әбдрашов лауазымынан босатылды.
Сондай-ақ Искандер Айсариев енді Албаниядағы елші қызметін атқарады.
Бұл қызметті бұған дейін Түркиядағы елші Еркебұлан Сәпиев қоса атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрлан Ноғаев Қазақстанның Түрікменстандағы елшісі лауазымына тағайындалды. Ол бұл қызметке дейін Маңғыстау облысының әкімі болған. Ал бұрынғы елші Асқар Тәжібаев лауазымынан босатылды.
АБЗАЛ САПАРБЕКҰЛЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Абзал Сапарбекұлы дипломатиялық қызметін 2000 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты ынтымақтастық департаментінің Таяу және Орта Шығыс, Мағриб және Африка бөлімінің референті лауазымда бастаған.
2003-2008 жылдар аралығында Түркиядағы ҚР Елшілігінде атташе, үшінші және екінші хатшысы лауазымдарында қызмет етті.
2008 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Халықаралық ынтымақтастық және протокол департаментінің директоры болып тағайындалды.
2008-2011 жылдары Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің кеңесшісі ретінде қызметін атқарды.
2011-2017 жылдары Ыстанбұл қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының директоры, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Бас хатшысының орынбасары болған.
2017-2022 жылдары Қазақстанның Түркиядағы Елшісі және Албаниядағы Елшісі қызметін қоса атқарушысы болған.
2022-2024 жылдары «Отандастар» қорын басқарды.
ИСКАНДЕР АЙСАРИЕВТІҢ ҚЫЗМЕТ ЖОЛЫ
Искандер Айсариев дипломатиялық қызметін 1999 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппараты мен шетелдегі мекемелердің қызметін қамтамасыз ету департаментінің жетекші маманы ретінде бастаған.
2001 жылы ҚР СІМ Кадрлар және бақылау департаментінің атташесі лауазымында болып, кейін ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметіне ауысты.
2002-2004 жылдар аралығында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ТМД істері жөніндегі комитеті Орталық Азия және Закавказье бөлімінің атташесі, үшінші және екінші хатшысы лауазымдарында қызмет етті.
2004-2005 жылдары ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің екінші хатшысы болып жұмыс істеді, ал 2005-2009 жылдар аралығында Түрікменстандағы ҚР Елшілігінде үшінші және екінші хатшысы қызметін атқарды.
2009-2011 жылдар аралығында ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің кеңесшісі, кейін басқарма басшысы болған, 2011-2013 жылдары – Украинадағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі.
2013-2015 жылдар аралығында ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің басқарма басшысы қызметін атқарды.
2015 жылы ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметі басшысының орынбасары, одан кейін 2019 жылы Мемлекеттік протокол қызметінің басшысы болып тағайындалды. Қазақстанның Албаниядағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2023 жылдың сәуір айынан бастап ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды.