Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында екі күн бойы далада адасып жүрген ер адамдар құтқарылды (ВИДЕО)

Дала кезгендер жүрген жерінде құтқарушыларға белгі қалдырып отырған

 Динара Амантай 07.06.2022 | 16:21

Қарағанды облысы Приозерск қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері екі күн бойы далада жүрген екі ер адамды құтқарды. Олардың бірінің табылған сәті видеоға түсірілген.

6 маусымда таңертең департаменттің диспетчеріне көмек туралы сигнал түскен. Қоңырау шалған ер адам досымен 3 маусымда Приозерск қаласынан Қаражалға шыққанын айтқан. Жолда көліктері бұзылып, екеуі қалаға жаяу қайтуға бел буған. Бірақ адасып қалған. Ұялы байланыс болмай, кейін телефондары өшіп қалған. Дала кезген ер адамдар жүрген жерлерінде құтқарушыларға белгі қалдырып отырған.

Ер адамдар бірге 100 шақырымдай жол жүрді. Біреуі әбден шаршап, қараусыз қалған ғимаратта қалуды ұйғарған. Ал екіншісі ары қарай жүрісін жалғастырған. 6 маусымда таңертең қараусыз қалған ғимараттағы ер адам аз уақытқа қуаты біткен телефонын қосып, бізге хабарласып үлгерді. Ол өзінің шамамен орналасқан жерін хабарлап үлгерді, – деді Приозерск қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Мақсат Абюров.

Құтқарушылар жоғалған ер адамдарды жеті сағаттан кейін тапқан. Оның серігі 15 шақырым жерден табылды.

Іздеуге хабарланған координаттардың дәл болмауы кедергі келтірді. Бұл аумақта қараусыз қалған ғимараттар жиі кездеседі, әрбір ғимаратты тексеру өте ұзақ уақытты алады. Ер адам от жаққаны дұрыс болған. Сигналды көріп, соған қарай жүрдік. Екеуі де шаршап, сусыз, тамақсыз көп уақыт жүрді. Жол бойы бізге алғыс айтты, жылап, қуанды. Біз олармен бірге қуандық, – дейді Мақсат Абюров.

Ерлердің денсаулығы қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет емес.

Құтқарушылар алыс жолға шыққанда барлық ережені сақтауға шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама