×

Қарағанды облысында жыл басынан бері тұрғындар алаяқтарға 1,5 млрд теңге аударған

Алаяқтардан 60 млн теңгеден астам сома қайтарылды

 Халық үні 15.07.2024 | 18:51
Фото: Halyq Uni

Қарағанды облысында 845 тұрғын алаяқтардың шотына 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат аударған. Облыс полициясының хабарлауынша, арасында студенттерден бастап зейнеткерлерге дейін бар.

Өңірде жыл басынан бері 167 зейнеткер алаяқтардың құрбаны болған.

Оның ішінде 63 жастағы зейнеткер банк шотын қылмыстық шабуылдардан қорғауға уәде берген «қаржы» қызметкерімен сөйлескен. Содан кейін пәтерін шұғыл түрде сатып, үлкен сомаға несие алған.

Зейнеткер жалған банкирдің айтқанын істеп, оның шотына 38 миллион теңге аударған.

Алаяқтардың құрбандары арасында 44 жоғары оқу орны мен мектеп мұғалімдері, 12 балабақша тәрбиешілері бар.

Қала университеттерінің бірінің 67 жастағы ғылым докторына құқық қорғау органдарының қызметкері қоңырау шалып, оның банктегі шоттары арқылы ланкестерге қаражат транзакциялары жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Мәселені ақшаны шұғыл қайтару арқылы ғана шешуге болатынын айтқан. Алаяқтар жәбірленушінің дауысынан оның күмәнданғанын түсініп, WhatsApp желісіне «түбіртек» жіберген. Соңында ер адам алаяқтарға 6 млн теңге аударған.

Қазірге дейін облыста 26 адам ұсталып, тергеу барысында олардың 300-ден астам алаяқтық әрекетте қатысы бары дәлелденді. Олардан 60 млн теңгеден астам сома қайтарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама