Министрлік петиция шешімінің алдын ала жобасын ұсынды
Бүгін Алматыда утиль алымы мәселелері жөніндегі петиция бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, аталған петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобы бұған дейін екі отырыс өткізген. Ведомство соңғы 5 жылда автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындары КТС-ті қосқанда бюджетке 116 млрд теңге салық төлегенін хабарлады.
Министрліктің интеграция және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әділбек Бектібаев белсенділердің «утиль алымы олигархтардың қалтасына түседі» деген сөзін жоққа шығарды. Сондай-ақ ол петицияға бастамашы топтың Қазақстанның автомобиль өнеркәсібіне қатысты, оның экономикалық тұрғыдан тиімсіз және дұрыс дамымай жатыр деген пікірін жоққа шығарды.
Тек 2023 жылы Қазақстанда 150 мыңға жуық автокөлік шығарылды, 2022 жылмен салыстырғанда бұл 30%-ға өсті. Автокөлік өнеркәсібін дамытуға келетін болсақ, жеке Kia зауытының құрылысы 2025 жылы аяқталады, Skoda брендімен Volkswagen тобы 2024 жылдың басында, бірінші тоқсанда өндірісті ұйымдастырады. 2025 жылы Қытайдың Chery, Haval, Changan көліктерін шығаратын мультибрендті зауыт іске қосылады. 2025 жылдың соңына дейін жинақтаушы бұйымдарды өндіру бойынша 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, нәтижесінде өндірілген өнімнің өзіндік құны төмендейді. Жаңа жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 760 млрд теңгеден асады, оның ішінде автомобиль бөлшектеріне 403 млрд теңге, - деді ол.
Бұған қоса, ол министрлік тарапынан үшінші елдерден көліктерді заңсыз әкелуге жол бермеу туралы ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, РОП Операторы қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, оның қызметі туралы жыл сайынғы есептер Smart Data Ukimet платформасында жариялап отыру. Көлік құралдарын утилизациялау бағдарламасы: 1 миллион теңгеге дейін ақшалай өтемақы бере отырып, ескі автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын утилизациялаудың жаңа бағдарламасын іске қосу. Сондай-ақ автокөліктердің импортын бақылау: жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған автокөліктерді жыл ішінде 1 бірліктен артық мөлшерде әкелуге тыйым салуды белгілеуді көздейді.
Сондай-ақ Қаржы министрінің бұйрығына өзгерістер енгізіп, ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттерде үшінші елдерден әкелінетін көлік құралдарының сәйкестігін бағалауға жол бермеу. Сонымен қатар сәйкестікті растау құжаты жоқ көлік құралдарына қатысты шектеу шараларын енгізу: тіркеуге тыйым салу немесе тіркеуді жою және көлік құралына тыйым салу сияқты жедел әрекет ету шараларын қолдану.
Талқылау қорытындысы бойынша Әділбек Бектібаев петиция шешімінің алдын ала жобасын ұсынды.
Петицияда көрсетілген уәждердің шындыққа жанаспайтынын ескере отырып, сондай-ақ шешім жобасын жария талқылау барысында қосымша негіздемелер ұсынылмағанын ескере отырып, петицияны қанағаттандырудан бас тарту ұсынылады. Түпкілікті шешім ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-6-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде қабылданатын болады, – деді ол.
Еске салсақ, «Утиль алымға жол жоқ» қозғалысы 2019 жылы құрылған. Петицияда аталған қозғалыс жеңіл автомобильдерге (М1 санаты) кәдеге жарату алымының мөлшерлемесін 100 мың теңгеге дейін және автокөліктің қалған санаттарына 0 теңгеге дейін төмендетуді талап еткен еді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымын толығымен алып тастап, ал автокөлікті бастапқы тіркегені үшін мөлшерлемені 0,25 АЕК дейін төмендетуді талап етті.