Жамбыл облысында компания қайтыс болған жұмысшының отбасына өтемақы төлеуден жалтарған
Жұмыс беруші еңбек шартының орнына қызмет көрсету шартын жасасқан
Жамбыл облысында компания қайтыс болған жұмысшының отбасына өтемақы төлеуден жалтарған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Қордай ауданында жұмыс беруші еңбек шартының орнына қызмет көрсету шартын жасасу арқылы жұмысшының өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершіліктен жалтарған. Осылайша, жеке кәсіпкер жұмыс орнында қаза болған жұмысшының отбасына өтемақы төлемеуге мүмкіндік алған.
Қордай ауданы прокуратурасының сотқа берген талап арызы бойынша аталған адамдар арасындағы еңбек қатынастарының фактісі дәлелденіп, қаза болған азаматтың отбасына 3 млн теңге төленді.
Биыл еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау шеңберінде өңір прокурорлары 14 мың 651 адамның құқығын қорғады. Оның ішінде 1 мың 40 қызметкерге 281 млн теңгеге жалақы бойынша берешек төленді, – делінген прокуратура хабарламасында.