Halyq Uni логотип
×

Жылуэнергетикалық компания тұрғындарға заңсыз талап қойған

Қала тұрғындары мекемені сотқа берді

 Динара Амантай 15.07.2024 | 11:54
Жылуэнергетикалық компания тұрғындарға заңсыз талап қойған
Фото: Halyq Uni

Жылуэнергетикалық компания тұрғындардан жылу есептегіштерді өз есебінен тексеруді заңсыз талап еткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Арқалық қалалық сотына қаланың екі тұрғыны әкімдіктің «Арқалық жылуэнергетикалық компаниясы» кәсіпорнының тұрғындарға жылуды есептеу құрылғыларын тексеру мен қызмет көрсету бөлігіндегі міндеттерді жүктеуі бойынша іс-қимылдарын заңсыз деп тану туралы талап арызымен сотқа жүгінген.

Сотта анықталғандай, 2023 жылғы 4 тамызда кәсіпорын әкімшілігі Маясова көшесі мен Абай даңғылы бойындағы үйлердің тұрғындарын жалпыүйлік жылу энергиясын есепке алу құралдарының тексеру мерзімінің аяқталуы туралы үйлердің кіре берістеріне хабарландырулар ілу арқылы хабардар етіп, есепке алу құралдарын тексеруді жүргізуге міндеттеген. Тұрғындар есепке алу құралдарын сатып алу және орнату үшін ақы төлеген.

Ал есепке алу құралдары мекеме теңгеріміне 2018 жылғы 4 қаңтарда қойылған.

Сот жауапкердің әрекеттерін заңсыз деп тапты. Себебі, Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген жылу энергиясын пайдалану қағидаларының 25-тармағының талаптарына сәйкес жылу энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарын ұстау, техникалық қызмет көрсету және тексеру теңгерімдік қажеттілігіне сәйкес жүзеге асырылады деп көрсетілген. Есепке алу құралдары АЖЭК-ке теңгерімдік тиесілігін ескере отырып, оны тексеруді тұтынушылар емес, энергия беруші ұйым іске асыруға тиіс, – делінген сот хабарламасында.

Сот шешімімен келіспей, энергия беруші ұйым сот шешіміне шағым келтірді.

Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, АЖЭК апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Шешім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама