Halyq Uni логотип
×

Қазақстандықтар eGov.kz порталындағы қай қызметке көп сұрау салады

Ақпараттық жүйеге 14 миллионнан астам адам тіркелген

 Динара Амантай 15.07.2024 | 11:36
Қазақстандықтар eGov.kz порталындағы қай қызметке көп сұрау салады
Фото: Halyq Uni

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандықтар eGov және eGov Mobile арқылы 20 миллионнан астам мемлекеттік қызмет алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, eGov.kz порталы қазірдің өзінде барлық мемлекеттік қызметтер мен сервистердің 90%-дан астамын автоматтандырған. EGov порталы мен eGov mobile қосымшасында 14 миллионнан астам адам тіркелген. Олардың 1,2 миллионнан астамы осы жылдың басынан бастап қызметті пайдалана бастады.

Сондай-ақ қазір портал азаматтарға 450 миллионнан астам қызмет көрсетсе, мобильді қосымша 66 миллион қызмет көрсеткен.

eGov.kz порталы цифрлық мемлекеттік қызметтер портфелін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс істеп жатыр. Осы жылдың басынан бастап порталда емханаға тіркелу және білім туралы құжаттарды (жоғары, орта, техникалық және орта білімнен кейінгі) тану сияқты қызметтерге өзгерістер енгізілді, – делінген «ҰАТ» АҚ хабарламасында.

Сонымен бірге мекеме бірінші жартыжылдықтағы eGov.kz порталындағы ең танымал 3 қызметті атады. Олар :

  • соттылығының бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама – 1 390 060;
  • жеке тұлғаның жылжымайтын мүлкінің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама беру – 1 561 886;
  • алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу – 1 420 105.

Ал eGov Mobile қосымшасы арқылы да қазақстандықтардың көбі соттылықтың бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама алған – 1 млн 157 мың 663 адам. Екінші орында шетелге шығуға шектелген борышкерлер тізілімі және атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізілімі бойынша шетелге шығуға тыйым салудың бар-жоғын тексеру қызметі тұр, оны 361 мың 374 адам алған. Ал Ф-2 анықтамасына (жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтардың (кепілде болу, тиым салу) жоқтығы туралы) 225 мың 276 қазақстандық сұрау салған.

Бүгінде eGov mobile мобильді қосымшасындағы «Цифрлық құжаттар» сервисі қазірдің өзінде 33 құжатты қамтиды және іске қосылған сәттен бастап ол 12 млн-нан астам рет пайдаланылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама